Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы бес газ тарату стансасында газ өлшеу стансасының құрылысы бойынша жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде
«Сарыарқа» газ құбырындағы автоматты дәнекерлеу кешені жұмысын толығымен аяқтады, деп хабарлады «ҚазМұнай Газ» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметі.
«Бүгінгі таңда автоматты дәнекерлеу кешендері жұмыстарын толығымен аяқтады, 1061,3 км құбыр дәнекерленді. 515 шақырым газ құбыры гидравликалық сынақтан сәтті өтті. Қалған бөліктерін сынақтан өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сынақтар аяқталғаннан кейін газ құбырының барлық бөліктері бір-біріне жалғанатын болады», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Сондай-ақ, ҚМГ ақпаратына сүйенсек, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы бес газ тарату стансасында газ өлшеу стансасының құрылысы бойынша жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.
«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы бойынша барлық жұмыстар кешені 2019 жылдың аяғында аяқталады. Содан кейін әкімдіктер елді мекендерге газ тарту жұмыстарына кіріспек, соның ішінде елордадағы да», - дейді ұлттық компания хабарламасында.
Хабарда атап өтілгендей, газ құбыры пайдалануға берілгеннен соң «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ға (ИОА) жалға береді, ол газ тасымалдауды жүзеге асыратын болады.
«Қазіргі таңда газ тарифінің өлшемі мен құрылымы анықталмаған. Газ тасымалдау тарифін қалыптастыру барысында ИОА-ның газ құбырын пайдалану шығындары мен жалға алу төлемдері ескерілуі керек. Өз кезегінде тарифті белгілеу ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияны реттеу, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің құзырына кіреді. Бұл ретте «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға сәйкес «ҚазТрансГаз» АҚ тауарлы газын ішкі нарыққа көтерме сатудың шекті бағасын энергетика министрлігі бекітеді», - деп атап өтті ҚМГ.
«ҚазМұнай Газ»-да «Сарыарқа» газ құбырының елдің энергетикалық қауіпсіздік деңгейін арттыратынын, орталық және солтүстік өңірлердің үзіліссіз газбен қамтылуын қамтитынын, экологиялық жағайды жақсартатынын жеткізді.
«Болашақта жеке және шағын коммуналдық қазандықтарды, тұрғын үйлер мен жылу электр орталықтарын ақырындап газға көшіру жоспарлануда», - делінген хабарда.