$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2019, 09:49
Экономика

Қазақстан қоршаған ортаны қорғауға шындап кірісті

Сегіз айдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестиция көлемі 74,6 млрд тг құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсті

Қазақстан қоршаған ортаны қорғауға шындап кірісті
Фото: kaztag.kz

2018 жылы Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестиция көлемі айтарлықтай өскен. 2017 жылы бұл көрсеткіш 32,5 млрд тг болса, 2018 жылы 80,2 млрд тг жетіп, 2,4 есеге дейін артқан. Бұл туралы finprom.kz хабарлайды.

Өсу қарқыны биыл да сақталып отыр. Сегіз айдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестиция көлемі 74,6 млрд тг құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейді (36,8 млрд тг).

Биыл қыркүйек айында Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері нысандарын қолдау мақсатында 300 млн еуро көлемінде қаржы бөлуді мақұлдады. Бұл қаражат күн, жел және гидроэнергетика, биогаз саласындағы жобаларды дамытуға, сондай-ақ CO2 шығарындыларын 500 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы барлық электр энергиясындағы «таза энергия» өндірісінің үлесін 2020 жылға қарай 3% және 2050 жылға қарай 5% дейін арттыруға болады.

Бүгінге дейін ЕҚҚДБ Қазақстан экономикасындағы 262 жобаға 8,3 млрд еуродан астам қаражат салды. Оның 2 млрд еуродан астам бөлігі «жасыл экономикаға» көшу моделін қолдау мақсатындағы жобаларға жұмсалды.

Қаңтар-тамыз айларындағы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестиция көлемі Атырау облысында айтарлықтай өскен - 25,1 млрд тг (жыл бұрын — 5,6 млрд тг). Ақмола (13,4 млрд) және Ақтөбе облыстарында да (10,4 млрд тг) өсім бар. Үздік бестікке Қызылорда (5,9 млрд тг) және Қарағанды (5,7 млрд тг) облыстары кіреді.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Қазақстанның электр энергетикасы және көмір нарығын талдау жөніндегі есебі бойынша, 2019 жылдың 1 тамызында Қазақстанда 77 жаңартылатын энергия көздері нысандары тіркелген. Аталған нысандар 7 айдың ішінде 1032,2 млн кВт сағат электр энергиясын өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,3% жоғары.

Серіктес жаңалықтары