Жеткілікті шекті есептеудің әдістемесі дұрыс – Әлихан Смайылов
Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы 2 есе өсетіні туралы хабарлама тараған болатын
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшеріне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Смайылов жеткілікті шекті көтеру туралы арнайы шешімді ешкім қабылдамағанын айтты.
«Жыл басында қабылданған жеткілікті шекті есептеу әдістемесінде шекті мөлшер ең төменгі жалақыға негізделгені жазылған. Елімізде ең төменгі жалақы өсті және бұл дұрыс. Соның нәтижесінде жеткілікті шек те көтерілді. Ең төменгі айлық шамамен 41%-ке артты. Тиісінше, соның артынан жеткілікті шек те өсіп отыр», - деді Смайылов.
Оның айтуынша, жеткілікті шектің өсуі қандай да бір соманың қолжетімсіз болатынын білдіреді. Бұл әдістеме жылдың басында бекітілген.
«Менің ойымша, бұл дұрыс әдістеме», - дейді Әлихан Смайылов.
Айта кетерлігі, 3 желтоқсанда Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы 2 есе өсетіні туралы хабарлама тараған болатын.