$ 527.23  544.05  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Құрылыс материалдары бағасының шарықтауы баспана нарығында тұрақсыздықты тудыруда

Биыл қазан айында құрылыс материалдары 28%˗ға қымбаттаса, жаңа тұрғын үй құны 14,6%-ға өскен

Құрылыс материалдары бағасының шарықтауы баспана нарығында тұрақсыздықты тудыруда

Қазақстанда соңғы екі онжылдықта баспанаға деген сұраныс бәсеңдеген емес. Үй кезегінде тұрған мұқтаждар саны да, үйді өз ақшасына сатып алғысы келетін қалталылар қатары да жыл санап артып келеді. Ал, сұраныс болған жерде бағаның да шарықтайтыны белгілі. Дәл қазір Қазақстанның тұрғын үй нарығында осындай жағдай орын алған.

Бірақ, елімізде баспана бағасының шарықтауына оған деген сұраныс қана емес, басқа бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның ең негізгісі – құрылыс материалдарының шамадан тыс қымбаттап кетуі. Небәрі бір жылда осынау материалдар бағасы екі есеге немесе 105 пайызға дейін өскен. Бұл өз кезегінде халықтың қалтасын қағып қана қоймай, 1,4 мыңнан астам кәсіпорынның жұмысын тоқтатуына себеп болды.

Негізгі құрылыс материалының 32 тобының ішінде 28-де бағаның өсуі байқалды. 2021 жылдың тоғыз айында ағаш, металл және әйнек қымбаттаған. Әсіресе, жаз айларында цемент бағасы бұрын соңды болмаған межеге жетіп, 1 қабы 2 мың теңгеден асты. Зауыттан тұтынушыға дейінгі цемент құнының өсуі ˗ 25 пайызды құрады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, баға өсуі мамыр айында сезіле бастады, ал маусым айында ең жоғары өсімге жетіп – 3,4% болды. Бұл жағдай құрылыс қарқынының бәсеңдеуіне алып келді.

Биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде құрылыс ұйымдарының іскерлік белсенділігі төмендеп, құрылыс секторындағы экономикалық конъюнктураның нашарлауы байқалған. Яғни, құрылыс материалдары бағасының өсуіне компаниялардың тұрғын үй бағасын көтеру арқылы «көбірек ақша табады» деген пікірді жоққа шығарды. Іс жүзінде нарықтағы жағдай керісінше болды. Әлем бойынша байқалған үдеріс – құрылыстың өзіндік құнының өсуіне байланысты компаниялар айтарлықтай қиындықтарға тап болады. Осы ретте, назар аударатын жайт – материал бағасының өсуі жылжымайтын мүлік бағасының өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары болып отыр. Биыл қазан айында құрылыс материалдары 28%˗ға қымбаттаса, жаңа тұрғын үй құны 14,6%-ға өскен.

Құрылыс материалдарына бағаның өсуі Қазақстанда ғана тіркелген жайт емес. Бүкіл әлемде бағаның шарықтауы көрініс тапты. Салдарынан салынып жатқан үйлердің сапасы күрт нашарлағаны белгілі болып отыр. Мәселен, ING Bank N. V. деректеріне сәйкес, құрылыс материалдары бағасының өсуі бүкіл Еуроодақтағы құрылыс компанияларының пайда табуын қысымға алған. Тиісінше, үй салудан түсетін пайда небәрі 2-4% ғана құрап отыр. Енді мұны тиімсіз деп тапқан кей компаниялар бұл саладан кетіп жатса, кете алмағандары пайда табу үшін құрылыстың сапасын төмендеткен. Қазақстандық құрылыс компаниялардың көпшілігі де осы екі жолдың бірімен кетті.

2021 жылдың басынан бастап сәуірге дейін құрылыста уақытша белсенді емес кәсіпорындар саны азайды, яғни экономикалық белсенділік өсті. Бірақ, сәуір айында құрылыс материалдары бағасының өсуінен кейін динамика күрт өзгерді. Мәселен, мамыр айынан бастап белсенді емес компаниялар санының өсуі байқалды. Қазан айының соңына қарай олардың саны 23,2 мыңға жетіп, сәуірмен салыстырғанда 6,5 пайыздық өсімді көрсетті. Жалпы, сәуір-қазан айларының аралығында құрылыс секторында жүрген 1,4 мың компания өз қызметін уақытша тоқтатқан.

Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінде де осындай динамика байқалады. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар мен сәуір айларында сектордағы мәмілелер саны белсенді түрде өскен. Нарықтағы бұл жағдай азаматтардың тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігінің пайда болуымен және өткен жылғы «кейінге қалдырылған» сұраныспен байланысты. Мамыр айынан бастап зейнетақы ақшасының құйылуына қарамастан, сатылым көрсеткішінің төмендеуі және біркелкі емес динамика байқалды. Яғни, құрылыс материалдары бағасының өсуі құрылыс компанияларына да, тиісінше тұрғын үй нарығына да әсер етті.

Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан жобалардың құны 10%-ға қымбаттаған. Сонымен қатар, коммерциялық жылжымайтын мүлік бойынша тұрғын үй бағасы 7,5%-ға өскен. Бірақ алдағы уақытта өсу динамикасы жалғасуы мүмкін.

«Құрылыс материалдарының қымбаттауы пәтер бағасының өсуіне шамамен 10-12%-дай әсер етеді. Бұл ретте жеке құрылыс салушы компаниялар тұрғын үй бағасын соңғы уақытта 7,5%-ға қымбаттатқан. Бұл көрсеткіш 15%-ға жетеді деген болжам бар. Сатып алушылар саны азаймас үшін бағаны сол межеде ұстап тұрулары мүмкін», - деп түсіндірді В.Микрюков. Оның айтуынша, компаниялар шығындарын азайтады, үстеме шығындар алады. Бір компаниялар материалдарды ауыстырады, осылайша тұрғын үйдің түпкілікті бағасы арзандайды, сапасы да төмендейтіні заңдылық.

«Бізде капиталды қажет ететін материалдар: арматура, минплита. Мысалы, арматура бағасының өсуіне әлемдік нарықтағы құн мен Қытайдағы үлкен сұраныс әсер етті. Жақында бағаның өсуі тоқтағанымен, қайтадан арту динамикасы байқалады. Бұл импорттық тауар болғандықтан, оған өндіруші елдің ішкі бағасы әсер етеді», - деді Қауымдастық президенті.

Ал, арматура бағасы өткен жылдың бірінші тоқсанында тоннасына 305 580 теңгені құраса, 2020 жылдың соңында баға 420 мың теңгеге дейін көтерілді. 2021 жылдың қазан айында 410 мың теңгеге түсіп, бір айдан кейін 2021 жылдың қараша айында материалдың құны 430 мың теңгеге жетті. 2019 жылы арматураның тоннасы шамамен 200 мың теңге болған еді. Яғни екі жылда екі есе қымбаттады. Сарапшылар келесі жылы баға тоннасына жарты миллионға дейін өсуі мүмкін деп болжайды. Ал бетон бағасы 2021 жылдың екінші тоқсанында 16 100 теңге болса, тамыз айында 21 268 теңгеге дейін өсті. Қараша айында баға 23 292 теңгеге жетті.

«Минплита да импортталады, оның құны сұраныспен, әлемдік факторлармен байланысты. Материалдар барлығына қажет болған соң сатып алынады. Бетонға келетін болсақ, оның құрамдас бөліктері қымбат болғандықтан соған сай құны да жоғары. Мысалы, цемент 10%-ға, қиыршық тас осы жылы 100%-ға қымбаттады. Сондай-ақ, электр энергиясы, жанар-жағармай материалдары да қымбаттап жатыр», - деді В.Микрюков.

Бұл салада импорттың үлесі – 65% болғандықтан, нарық импортқа тікелей тәуелді болып отыр. Сондақтан тұрғын үй салуға қажетті құрылыс материалдарының жаппай қымбаттауы алдағы уақытта жылжымайтын мүлік бағасының төмендемейтінін көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары