Талғарда ер адам кеңсенің есігін бұзып кіріп, қара сөмкедегі ақшаны салып әкеткен
Ұры кәсіпкерге тиесілі 55 млн теңгені қолды еткен

Талғарда ұрылар кәсіпкердің кеңсесінен 55 млн теңге ұрлап кеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысында полицейлер Талғар ауданындағы жеке кәсіпорын кеңсесінен жасалған ірі көлемдегі ұрлық қылмысын әшкереледі.
28 қыркүйек күні полицияның кезекші бөліміне кәсіпкерден белгісіз тұлғалардың кеңсенің есігін бұзып, ірі мөлшердегі ақшаны ұрлап кеткені жөнінде арыз түскен.
Алдын ала деректер бойынша, 23 қыркүйек күні кешкі уақытта қаскүнемдер Жалғанмыс ауылында орналасқан ғимаратқа заңсыз кіріп, 55 миллион теңге көлеміндегі ақшаны ұрлап кеткен.
Бейнебақылау жазбаларын қарау кезінде қылмыстың алдын ала жоспарланғаны анықталды. Бетіне маска тағып, қолғап киген белгісіз ер адам ғимаратқа кіріп, екінші қабаттағы есікті бұзып, үстел астында тұрған қара түсті жол сөмкесін алып, ішіндегі ақшаның бір бөлігін өзімен бірге әкелген рюкзакқа салған. Кейін сөмке мен рюкзакты қоршаудан асырып лақтырып, өзі де сыртқа шығып кеткен.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер прокуратурамен бірлесе отырып қысқа мерзім ішінде Алматы облысының тұрғындары болып табылатын 39, 37 және 36 жастағы үш күдіктіні анықтап, ұстады. Олардың барлығы өз кінәларын мойындады. Тінту барысында күдіктілердің үйлерінен ақша мен тергеуге маңызды заттай айғақтар тәркіленді», – деп атап өтті полицейлер.
Аталған дерек бойынша «ұрлық» фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Құрықталған күдіктілер қамауға алынды.