$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.10.2021, 17:37
Экономика

Базалық мөлшерлеме 0,25%-ға өсті: енді азық-түлік бағасы қымбаттай ма?

Азық-түлік инфляциясы қыркүйекте 11,5% болды

Базалық мөлшерлеме 0,25%-ға өсті: енді азық-түлік бағасы қымбаттай ма?
Фотоколлаж

Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемені көтеруінің нәтижесінде оның мөлшері 9,75%-ға дейін жетті деп Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қазақстанда 2021 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 8,9% болды. Үдеу барлық құрамдас бөліктерде байқалады. Азық-түлік инфляциясы қыркүйекте 11,5% болды. Жемшөп дақылдары, дизель отыны, электр энергиясы және бидай бағасының көтерілуі кезінде өндірушілердің өзіндік құнының өсуі нәтижесінде ет (10,3%), нан-тоқаш (8,7%) және сүт өнімдері (8%) бағасының жылдық өсуі азық-түлік инфляциясының өсуіне ықпал етті. Үй тұрмысындағы заттар, киім-кешек пен аяқ киім, қатты отын бағасы өсті. 

Нәтижесінде азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5%-ға жетті. Ақылы қызметтер инфляциясы 6,8%-ға дейін өскен. Нәтижесінде тұрғын үйді жалға алу бағасының – 18,6%-ға, электр энергиясының бағасы 8,3%-ға және сұйытылған газ бағасы – 6,4%-ға өсті»,- делінген Ұлттық банктің мәлімдемесінде. 

Айта кетерлігі, базалық пайыздық мөлшерлеме артса, ұлттық валютаның құны да күшейеді. Былтыр 10 наурызда Ұлттық банк теңгенің базалық мөлшерлемесін 9,25 %-дан 12%-ға өсіргені есімізде. Арада 1 ай уақыт өтпей жатып базалық пайыздық мөлшерлеме 9,5 %-ға қайта төмендетілді. Оның себебі мынада: Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жоғарылату арқылы инфляция мен девальвацияның қарқынын баяулатты, бірақ бұл шешім екінші деңгейлі банктердің несие пайызын өсіруге себеп болды. Бұл несие алушылар үшін тиімсіз. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін жағдай қиынға соқты. Базалық пайыздық мөлшерлеме 9,25% болған кездің өзінде кәсіпкерлер несие алуға асықпады. Дегенмен, базалық пайыздық мөлшерлеме көтеріле салысымен депозиттің пайызы артты. Сол-ақ екен ел азаматтары теңгемен депозит аша бастады. 

Айта кетерлігі, қыркүйек айының ортасында ғана Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 9,50%-ға көтерген болатын. Бұл қадам елдегі азық-түлік пен қызмет көрсету бағасының қымбаттауына айтарлықтай ықпал еткен жоқ. 

Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университеті аға оқытушысы, Сапарбай Жобаев Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемені 9,5-тен 9,75-ке дейін көтеру себебін былай түсіндіреді: 

«Ұлттық банктің бұл әрекетіне ақшаның қымбаттауы себеп болып отыр. 9,75%-бен алған қаражатты екінші деңгейлі банктер кәсіпорындарға жоғары пайызбен береді. Бұл экономикада ақша массасын азайтады. Биыл көрші Ресей базалық мөлшерлемені 4%-дан 7%-ға дейін көтерді. Сөйтіп олардың инфляциясы 7%-дан асқан жоқ. Ал бізде - 9%. Былтыр елімізде ақша массасы 24 трлн теңге еді. Биыл шілде айына дейін оның көрсеткіші 28 трлн теңгеге дейін артты. Яғни, ақша массасы Ұлттық банк бақылауынан шығып кетті. Ұлттық банк тым кеш «қимылдап» отыр. Базалық пайыздық мөлшерлемені жыл басында көтеруі керек еді. Егер инфляция осы қарқыннан тоқтамаса, тағы да базалық көршерлеме артуы мүмкін. Меніңше, бұл көрсеткішті 10,5%-ға көтеру керек. Өйткені, халықтағы ақша массасы көбейіп жатыр», – дейді ол. 

Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк бұл қадам арқылы кәсіпорындар тарапынан ақшаға сұранысты азайтуды көздеп отыр. Базалық пайыздық мөлшерлеме ақшаның «бағасы» деп есептелінеді. Оның мөлшері көп болған сайын, сұраныс төмендейді де, бұл экономикадағы ақша массасын азайтады. Сөйтіп, инфляция тежеледі.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы

Серіктес жаңалықтары