Қазақстандағы ломбардтар жарты жылда 19 млрд теңге таза табыс тапты
Алайда 116 ломбард шығынға ұшыраған
Бірінші жартыжылдықта қазақстандық ломбардтардың таза табысы 19 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды ranking.kz.
ҚР Ұлттық Банкі кредиттік серіктестіктері мен ломбардтардың қаржы секторының көрсеткішін жариялай бастады. Ақпарат тоқсан сайынғы негізде ҚР Ұлттық Банк сайтында жарияланады.
Биыл қаңтар-маусым айларында ломбардтардың табысы 68 млрд теңгеден астам соманы құрады, ал оның 43,7 млрд теңгесі сыйақы табысына байланысты.
Ломбардтардың 2021 жылғы қаңтар-маусым аралығындағы шығыны 46,2 млрд теңгені құрады, оның 16,2 млрд теңгесі — операциялық шығындар. Ломбардтардың корпоративтік табыс салығының жиынтық көлемі 2,8 млрд теңгені құрады.
Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында корпоративтік салықты төлегенге дейінгі таза пайда 21,8 млрд теңгені құрады, ал салық төленгеннен кейін — 19 млрд теңге.
2021 жылғы қаңтар-маусымда ҚР аумағындағы 594 ломбардтың бөлінбеген пайдасы 17,9 млрд теңгеден асты. Бұл ретте, сектор бойынша жалпы пайдаға қарамастан, 594 ломбардтың 116-сы бірден 656,8 млн теңге сомасына жабылмаған шығынды тіркеді.
Өзгелермен салыстырғанда «М-Ломбард» (4,2 млрд теңге) көш бастап тұр. Ары қарай «МК-Ломбард» (2,5 млрд тг) және «Астра-Ломбард» (1,7 млрд тг).