Елімізде тұрғын үй бағасы құрылыс құнынан екі есе асады
Нұр-Сұлтанда бір шаршы метрдің құны 400 мың теңгеден басталады
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылғы тамызда нарықта жылжымайтын мүліктің бір шаршы метрінің құны 343,8 мың теңгені құрады, бұл шілде айымен салыстырғанда 1,1%-ға артық, деп хабарлайды LS.
Елімізде жыл басынан бергі өсім 10,9%-ға жетті. Ал бір шаршы метр тұрғын үй құрылысына (2021 жылғы тамыздағы мәлімет) кететін орташа шығын 150,6 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға көп. Айта кету керек, бұл шығын қызметкерлер жалақысын қамтымауы мүмкін.
Биыл тамыз айында тұрғын үй құны мен шығындар арасында ең үлкен айырмашылық Маңғыстау облысында тіркелді – 3,7 есе. Бұл ретте осы өңірде шығын 28,8%-ға төмендеген. Ал Алматы облысында аздаған айырмашылық қана анықталды – 1,1 есе. Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 1,2 есе.
Соңғы бір жылда ең көп шығын Шығыс Қазақстан облысында анықталды – 50,3% (169,3 мың теңгеге дейін өсті). Өскеменде тұрғын үйдің бір шаршы метрі 271,5 мың теңге тұрады. Шығындардың жоғары өсімі Шымкентте де байқалды – 40,9% (181,9 мың теңгеге дейін). Ал баға мен шығындар арасындағы айырмашылық – екі есе.
Бірнеше аймақта шығындардың төмендеуі байқалды. Оның ішінде Алматы қаласында – 15,1% (155,6 мың теңгеге дейін). Дегенмен, мегаполистегі жылжымайтын мүліктің бір шаршы метр құны 408,6 мың теңге тұрады, нәтижесінде баға мен шығын арасындағы айырмашылық – шамамен 2,6 есе. Жылжымайтын мүліктің бір шаршы метрі 400 мың теңгеден асатын тағы бір қала – Нұр-Сұлтан. Елордада құрылыс шығыны 11,4%-ға, 182,2 мың теңгеге дейін өсті. Ал баға мен шығын арасындағы айырмашылық 2,4 есеге жетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев құрылыс құнының өсуіне байланысты жылжымайтын мүлік бағасының өсуі мүмкін екенін болжап отыр.