$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.09.2021, 21:21
Экономика

Қазақстандықтар басқарушы компанияларға 5 млрд теңгеден астам қаржы аударған

Аударымның орташа сомасы 2,0 млн теңгені құрайды

Қазақстандықтар басқарушы компанияларға 5 млрд теңгеден астам қаржы аударған
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандықтар инвестициялық портфельді басқарушыларға 5 миллиардтан аса теңге аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу үшін ғана емес, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға аудару құқығын беретін заңнамалық нормалар күшіне енді.

Салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына:

- салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе

- өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін.

Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет, оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келгенде беруге болады.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аударуды салымшыдан өтініш түскен күннен кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қалады.

ИПБ-ның инвестициялық басқаруына берілген зейнетақы жинақтары біржолғы зейнетақы төлемдері ретінде алынған қаражат болып есептелмейді (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және/немесе емделу мақсаттарына алынған жағдайдағыдай) және оларды ИПБ-ға ауыстырған кезде оларға жеке табыс салығы салынбайды.

Зейнетақы активтері ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін салымшы:

- БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру туралы жылына тек бір рет өтініш беруге;

- БЖЗҚ-ға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтаруға (зейнетақы жинақтары ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін екі жылдан ерте емес) өтініш беруге құқылы.

Салымшы зейнетақы жасына жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын салымшының зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.

«2021 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларға 5,1 млрд теңге аударылды, БЖЗҚ 2 579 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы 2,0 млн теңгені құрайды. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде жарияланған», - делінген БЖЗҚ баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, 5,1 млрд теңгенің 44,89% немесе 2,3 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ, 27,58% немесе 1,4 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ, 18,08% немесе 0,9 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ, 9,45% немесе 0,5 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ аударылды.

Өңірлер бөлінісінде ИПБ-ға аударылған қаражаттың жартысынан көбі Қазақстанның екі ірі қаласы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі, сәйкесінше 45,5% және 25,6%. Маңғыстау облысы 5,7% көрсеткішпен ИПБ-ға қаражат аудару бойынша үшінші орында тұр.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.

 

Серіктес жаңалықтары