Бүгінде Қазақстанда 1057 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді
11 айда жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көрсеткіші 99,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,6% артты. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлайды.
«Бүгінде Қазақстанда 1057 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 96% - шағын кәсіпорындар. Өндіріс ошақтарында шамамен 13 мың адам еңбек етеді. Басым бөлігі - әйелдер. 2015-2019 жылдары жеңіл өнеркәсіпте жалпы сомасы 19,6 млрд теңгені құрайтын 20-дан астам жоба пайдалануға берілген. 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы кезеңде өнім шығару көлемі 57% өсті, негізгі капиталға құйылған инвестициялар 41% өсті. Әсіресе, кілемдер, шұлықтар және сыртқы трикотаж киімдері өндірісінде ең жоғары өсім байқалды», - делінген ведомство сайтында.
Қазақстанда жыл сайын жеңіл өнеркәсіп секторында жаңа нысандар ашылып жатыр.
«2019 жылғы ірі жобалардың бірі «Бал текстиль» ЖШС-нің кілем және кілем бұйымдарын шығаратын үшінші цехты іске қосуы болды. Жобаға жұмсалған инвестиция көлемі 1 млрд теңге. 45 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын өнімдері Қазақстанның ірі қалаларында және облыстарында сатылады. Сондай-ақ жалпы өндірістің 30%-ы Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ұлыбритания, Германия және Франция елдеріне экспортталады», - деп жазылған.
2019 жылғы желтоқсан айында Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері бірлесіп Шымкент қаласында жіп иіру фабрикасы іске қосылды. Бірінші кезеңі іске қосылған кәсіпорында жылына 6 мың тонна мақта талшығын өңдеу жоспарланып отыр. Кәсіпорында бірінші кезеңде 120 жаңа жұмыс орны ашылған. Өзбекстаннан тартылған инвестиция көлемі - 4,6 млрд теңге.
Жеңіл өнеркәсіп негізгі үш бағыттан тұрады: тоқыма өнеркәсібі - 53%, киім-кешек өндірісі - 37%, сондай-ақ, былғары және оған қатысты өнімдер - 10% құрайды.