Қазір жаңа өндіріс орнының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр
«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында электр станциялары қалдықтарынан алюминосиликатты микросфералар жасап шығаратын зауыт салу үшін 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынады.
Павлодар облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, бұл жоба KazCenosphere, Kusto тобы, ERG және ресейлік инвестор есебінен жүзеге асырылады.
«Инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңге. Жоба іске қосылса жылына 7 мың тонна өнім шығарады. Іске асыру кезеңі – 2020 жыл», - деп хабарлайды облыстық басқармадағылар.
Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылдың сәуір айында басталмақ.
Басқарманың хабарлауынша, жобаны жүзеге асыратындар өнімдерін тұрақты жеткізіп отыру мақсатында ТМД және Еуропалық Одақ елдеріндегі коммерциялық және технологиялық өкілдіктерін дамытпақ.