Жаңа қадам Үкіметті қосымша қарыз алуға итермелеуі мүмкін немесе қаржыландыруды Ұлттық банк жүзеге асыратын болса, бұл әрекет теңгеге айтарлықтай кері әсерін тигізеді
Қазақстанда банк жұмысын сараптау нәтижесінде анықталған кемшіліктерден кейін мемлекет кем дегенде төрт жергілікті банкке көмек ретінде 1 млрд доллар беруді жоспарлап отыр, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
«Бұған дейін Орталық Азиядағы мұнай өндіретін мемлекеттің банк жүйесіне жұмсаған 13 миллиард доллары жүйенің бойына қан жүгірте алмады. Керісінше, валюта девальвациясы мен тұрғын үй бағасының төмендеуінен кейін проблемалық несиелер артты. Жаңа қадам Үкіметті қосымша қарыз алуға итермелеуі мүмкін немесе қаржыландыруды Ұлттық банк жүзеге асыратын болса, бұл әрекет теңгеге айтарлықтай кері әсерін тигізеді», деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, Қазақстанда жыл басында басталған сараптама жұмыстары желтоқсанның соңында аяқталады. Дегенмен, үш банкир қазіргі күннің өзінде төрт банктің проблемалық несиелер үшін қосымша капитал қажет екені анықталғанын айтқан. Қазақстанның Ұлттық банкі бұл мәселеге қатысты пікір білдіру туралы өтінішті жауапсыз қалдырды.
«Дүйсенбі күні Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев актив сапасына сараптама негізінде банктермен одан әрі жүргізілетін жұмыстарды Үкіметпен пысықтап жатқанын айтты. Онда Қазақстандағы 27 банктің ең ірі деген 14-і қамтылған. Дереккөздердің айтуынша, бұл көмек үшін 1 триллион теңге жұмсалмақ. Ал Қазақстан Үкіметі келесі жылғы жалпы шығынды 12,9 трлн теңге көлемінде болады деп бекіткен еді», деп жазады басылым.