COVID-19: Бір жылда әлемдік туристер легі төрт есе азайды
Қазақстанға өзге елдерден келетін туристер саны 3,6 есе кеміген

Пандемия әлемдік экономикаға әсер етті. Көптеген көрсеткіштер құлдырап, кейбірі рекордтық деңгейге жетті. Туризм саласына да айтарлықтай нұқсан келді. Дүниежүзілік туристік ұйым мәліметі бойынша, әлемдегі саяхатшылар легі бір жылда 3,8 есе азайған. Қазақстанға келіп демалушылар қатары да күрт сирегені байқалады. Өзге елдерден келетін туристер саны 3,6 есе кеміген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
2020 жылдың алғашқы тоқсанында туризмнің жаһандық көрсеткіштері 28,6 пайызға кеміген. Ал екінші тоқсанда дүние жүзі бойынша қатаң карантиндік шаралар енгізілген сәтте әлемдік туристер легі бірден 18,4 пайызға, Қазақстанға келушілер саны 16,7 есе азайған. Ал ішкі туризм өткен жылды 60,3 пайыз шығынмен жапқан. Елімізде демалушылар саны алдыңғы жылдардағы орта көрсеткішпен салыстырғанда 3,1 млн адамға азайған.
Бурабай – Қазақстанда ең жоғары сұранысқа ие туристік аймақтардың бірі. 2020 жылдың соңғы III тоқсанының қорытындысы бойынша, демалушылар саны 51,8 мың адамға азайған. Әдетте шетелдік және отандық туристерге лық толы болатын нысандар қаңырап бос жатыр.
«2020 жылдың басында коронавирус індетінің таралуына байланысты саяхаттар, іссапарлар мен іс-шаралар өткізу шектелді. Кейін елімізде төтенше жағдай енгізіліп, барлық ішкі және сыртқы шекараларды жабу туралы шешім – отандық турбизнес үшін күтпеген жаңалық болды. Әсіресе, шағын өңірлердегі туристік фирмалардың көпшілігінің жұмысын іс жүзінде тоқтатты. Клиенттердің 98 пайызы қысқарды деуге болады. Сонымен қатар, пандемия туризм саласындағы түрлі іс-шараларды өткізуге әсер етті. Оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру мерзіміне. Бірнеше нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі 2021 жылға ауыстырды», - дейді Ақмола облысы Бурабай ауданының дене шынықтыру, туризм және спорт бөлімінің басшысы Азамат Баймұқанов.
ҚОНАҚ ҮЙЛЕР САНЫ 3,9 ПАЙЫЗҒА АЗАЙДЫ
Еnergyprom.kz сайтының хабарлауынша, өткен жылдың үш тоқсанында қонақ үй, отель сынды басқа да нысандар қызметін 2,6 млн адам пайдаланған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе аз. Жоғарыда айталған 2,6 млн адамның 7,5 пайызын ғана шетел азаматтары құрайды.
Пандемия басталғаннан бері Қазақстанда қонақ үй, хостел, санаторийлер саны 3,9 пайызға азайып, 3,5 мыңды құраған. Жүйелі түрде жарияланып келе жатқан локдаундардың кесірінен қонақүйлердегі орындардың 20 пайызға жуығы ғана пайдаланылуда.
Дегенмен, сарапшы мамандардың пікірінше, Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары. Оны пандемияға дейінгі туристік көсеткіштер мен халықаралық рейтингтерден де аңғаруға болады. Карантинге дейін, яғни 2019 жылы Қазақстан туризм саласындағы бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 80-ші орында тұрған. Салыстырмалы түрде алар болсақ, көршілес Қырғызстан 110-шы орында тұр. Рейтингтегі үздік елдер – Испния, Франция және Германия. Тізім соңында Йемен, Чад және Либерия мемлекеттері тұр.
140 мемлекет қамтылған рейтингте туризм саласының тұрақты дамуына әсер ететін факторлар есепке алынған. Brand Finance британдық консалтингтік компания мәліметі бойынша Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан ұлттық брендтердің бірі. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштерге сай, үздік 44 мемлекет қатарында 7-ші орынға ие болған.
САЛА САУЫҚТЫРУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Жүргізілген карантиндік шараларды, локдаундарды және пандемияға байланысты басқа да шектеулерді ескере отырып жасалған 2020 жылы Щучье-Бурабай курорттық аймағына келушілердің саны 2020 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша 37,1% - ға яғни 51,8 мың адамға дейін азайған. Егер 2020 жылғы I тоқсанда кіру туризмінің көрсеткіштері өткен жылғы деректерден күтілетін пайыздық арақатынасқа төмен болса, онда ІІ тоқсанда, бүкіл әлем бойынша ең қатаң карантиндік шектеулер енгізілген кезде, толық локдаунға дейін, Қазақстанда туристердің әлемдік ағымы бірнеше есе қысқарған.
«Жалпы, 2020 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша ЩБКА-ға кіру туризмінің көрсеткіштері 9 есеге жуық қысқарды (резидент еместер, 2019 жылдың 3-тоқсанымен салыстырғанда), бұл шекаралардың жабылуымен, облыстар арасындағы қозғалыс шектеулерімен байланысты болды. Биылғы жылы кіру туризмі болмағанымен, ішкі туризм айтарлықтай өсті, соның арқасында біздің курорттық аймақтағы әрбір қонақ үй кәсіпорны 50% толтыруға мүмкіндік алды. Саланың жұмысын жандандыру бағытында біраз шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтып өткен жөн. Карантин кезіндегі шектеулерге байланысты көптеген ұйымдар онлайн форматқа тез бейімделе алды. Осылайша, карантин кезеңінде семинарлар онлайн режимінде өткізілді, көптеген тұрғындар үшін онлайн экскурсиялар да қол жетімді болды» - дейді Азамат Баймұқанов.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО