$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.03.2021, 14:36
Экономика

«Қазақстанда газ құбырларының 75% тозды». Ресейдегі оқиға қайталануы мүмкін бе?

Қондырғыларды заманауи құрылғыларға ауыстыру және модернизациядан өткізуге қыруар қаражат керек

«Қазақстанда газ құбырларының 75% тозды». Ресейдегі оқиға қайталануы мүмкін бе?

Республикада газ тасымалдауға арналған инфрақұрылымының төрттен үші тозған. Желілерді пайдаланудың мерзімі 50 жылдан асып кетті. Соңғы жылдары газ саласының мамандары және елдегі ірі газ құбырларына иелік ететін ұлттық оператор бұл мәселені жиі көтерумен келеді. Мұндай ескірген инфрақұрылыммен алға қарай даму мүмкін емес дейді олар.

«ҚазТрансГаз» компаниясының мәліметінше, қондырғыларды заманауи құрылғыларға ауыстыру және модернизациядан өткізуге қыруар қаражат қажет. Ал, аталған компания елде 19 мың шақырымдық газ құбыры мен 50 мың шақырымнан астам газ тарату желілеріне иелік етеді. Яғни, қазір басты газ тасымалдаушы мыңдаған шақырымға созылған ескі инфрақұрылымды өз күшімен ұстап отыр.  

Тәуелсіздік жылдары қолданысқа берілген заман талабына сай келетін «Қазақстан-Қытай», «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдары экспорт пен ішкі нарықты газбен қамту бойынша қалыпты жұмыс істеп тұр. Ал Қазақстан, Өзбекстан және Ресей аумағын басып өтетін газ құбырларының пайдалану мерзімі өтіп барады.

МАГИСТАРЛЬДЫҚ ЖЕЛІЛЕРДІ АУЫСТЫРМАУ ТЕХНОГЕНДІК АПАТҚА ӘКЕЛЕДІ

Әсіресе өткен ғасырдың 60-70-жылдары салынған «Орталық Азия – Орталық», «Союз», «Бұхара-Орал», «Орынбор-Новопсков» магистральдық газ құбырларын жедел жаңарту қажет. Мұндағы компрессорлық станцияларды ауыстыратын уақыт келген. Тиісінше газ шығындары да өте көп, ұдайы жөндеуді талап етеді. Бірақ газ саласындағы басты оператор «ҚазТрансГаз» АҚ бұл мақсатқа қаражаттың жеткіліксіз екені айтумен келеді.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне пікір білдірген «Республикалық газ саласы ардагерлері кеңесі» Қоғамдық ұйымының төрағасы Павел Климов жағдайды бұдан әрі күрделендіруге болмайтынын айтады. Ол магистраль бойындағы барлық бекетке ревизия жүргізіп, қауіпті аймақтарды анықтауды бүгіннен бастау керек деп отыр.

«Қазірдің өзінде осы магистральді құбырларға, олардың бойындағы компрессорлық бекеттерге кешенді, тиянақты ойластырылған диагностикалық тексеру жүргізілгені жөн. Сол ревизияның негізінде жедел ауыстыруға көшу керек. Қай құрылғыны ауыстыру керек екенін солай ғана анықтауға болады. Бірақ, жасыратыны жоқ, бәрі қаражатқа келіп тіреліп тұр», - дейді газ саласының ардагері.

Халықты газбен қамтамасыз ету саласының мамандарын алаңдататын мәселе – техногендік апат. Жуырда ғана ел іргесіндегі Орынбор облысында (РФ – авт.) «Союз» газ құбырында жарылыс болған еді. Апат Қазақстанның батыс өңіріне берілетін табиғи газдың тоқтауына себеп болды. Алайда, ішкі газ тасымалдау жүйесінің жедел әрекет етуінің арқасында Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысы халқын жылу мауысында көгілдір отынынсыз қалдыруға жол берілген жоқ. Десе де, бұл магистарльдің Қазақстан аумағындағы бөлігін де жаңалау күн тәртібінде тұр.

«Союз» газ тасымалдау құбыры Қазақстан, Украина аумағын басып өтіп, Орынбор-Орал- Александров Гай-Кременчуг-Долина–Ужгородқа дейін созылып жатыр. Ұзақтығы 2750 шақырым, оның 300 шақырымы Қазақстан аумағымен өтеді.

Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары Өзбекстаннан Алматы-Тараз-Шымкент бағыты бойынша газ құбырын тартуға қатысқан Сұлтанғали Имажанов газ магистральдарының ескіруіне байланысты пікір білдірді. Сала ардагерінің айтуынша, қалыптасқан жағдайға мемлекет басшыларының деңгейінде көңіл бөлу керек. Уақыт өткен сайын бұл жүйені қайта жаңғытуға кететін шығын да арта береді.

«Қазақстандағы газ құбырлары 60-шы жылдары салына бастады. Мен Алматы, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы – ред.) және Жамбыл облысына келетін газ желісі бойынша айтатын болсам, өткен ғасырдың 65-70-ші жылдары осы үш аймақ қамтылды. Газ 1971 жылы Алматыға келді, жақында ғана оның 50 жылдығын атап өттік. Бұхар газ тасымалы ауданынан шығып, Ташкент-Бішкек-Алматы бағыты бойынша алғаш бір құбыр салынды, сосын тәуелсіздік алған соң жанына екінші құбыр құрлысы аяқталды. Біреуі сынса, екіншісіне ауысып, екіншісі сынса келесі біріне ауысып жұмыс істеп тұр. Бірақ 50 жыл деген аз емес, эксплуатация жасайтын кәсіпорынның күшімен ұстап тұрмыз», - дейді С.Имажанов.

ОРЫНБОРДАҒЫ ГАЗ ҚҰБЫРЫНЫҢ ЖАРЫЛУЫ - БІЗ ҮШІН «СИГНАЛ»

«САЦ» (Орталық Азия-Орталық – ред.) магистарлі Алматы-Ташкент бағытынан бұрын басталған газ құбырларының бірі. Оның қазіргі жағдайы тіпті қиын. «Интергаз-Орталық Азия» деген кәсіпорын мұны да өз күшімен ұстап отыр. Одан соң «Бұқара-Орал» бағыты салынды. Міне, осы екі құбырды бақылаудан шығармау керек, дейді маман.

«Мен осы салада істеп жүрген мамандарға тек бақылаудың жеткіліксіз екенін айтқым келеді. Тағы да қайталап айтамын, мүмкіндік болса, газ тасымалдайтын магистальдарды жаңалауды бастау керек. Себебі 75 пайыз тозу деген үлкен көрсеткіш. Өздеріңіз де байқап отырсыздар, Ресейдің Орынбор аймағындағы жағдай біз үшін «сигнал». Бірақ уақытында бақылаудың арқасында, білікті мамандардың арқасында істеп тұр. Апат кез-келген уақытта болуы мүмкін. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Сондықтан, Президент, Үкімет бұған назар аударуы керек. Жалғыз басқарушы оператор – «ҚазТрансГаз» компаниясының қолында тұрған мәселе емес», - дейді Сұлтанғали Имажанов.

ҚАЗАҚСТАНДА 2027 ЖЫЛЫ ГАЗ ДЕФИЦИТ ӨНІМГЕ АЙНАЛАДЫ

ҚР Энергетика минстрлігінің дерегінше, газды ішкі нарықта тұтыну деңгейі күн санап артып келеді. Сондықтан ресурстық базаны кеңейту қажет. Елде 2021 жыл 1 қаңтардағы газдандыру көрсеткіші 53,07% жетті. Қазақстанда 9,8 млн адам табиғи газды пайдаланып отыр. Ал 2010-2020 жылы ішкі нарықта табиғи газды падалану көлемі 91%-ға өскен. Көгілдір отын жоғарыда айтқан Ұлттық оператордың газ тасымалдау жүйелері арқылы, яғни негізгі магистарльдармен өтеді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 26 қаңтарда Үкімет отырысында 2027 жылы Қазақстанда ішкі нарыққа 26 млрд текше метр табиғи газ қажет болатынын айтқан еді. Дефицит мәселесіне бүгіннен назар аудару керек деген тапсырма берді. «ҚазТрансГаз» көгілдір отынға деген тарифті ұстап тұру үшін субсидия мәселесін көтеріп әлек. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, компания соңғы бес жылда бағаны ұстап тұру үшін бұл бағытқа 350 млрд теңге қаржы жұмсаған.

Қазақстан аумағын газбен қамту, жаңа магистарльдарды пайдалануға беру, желілерді ұстап тұру және газдың көмегімен электр энергиясын өндіру үлкен шығынды талап етеді. Тасымалдаушы кәсіпорын ресурстық базалардың тапшлығынан Қытайға экспорт көлемін қысқартуға тура келетінін мәлімдеп отыр. Биылдан бастап ұлттық оператордың табысынан шығыны артады деген болжам бар. Бұл компанияны дефолтқа жеткізуі мүмкін, дейді сарапшылар.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары