Қазақстанда темекі бағасы қымбаттайды
Темекіге салынатын акциздік мөлшерлемелерден бюджетке түсетін кіріс 27 пайызға артады
Ұлттық экономика министрі 2024 жылға дейін темекі бағасын кезең-кезеңімен қымбаттату жоспарын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мәжілісте ЕАЭО-ға мүше елдердің темекі өнімдеріне акциздер саласында салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялайтын заң жобасы мақұлданды.
«Акциздер ставкаларын жақындастыру 2024 жылдан бастап жүзеге асырылады. Әрбір бес жыл сайын бірыңғай индикативтік мөлшерлеме және одан ауытқу диапазоны белгіленеді. Темекіге қатысты индикативтік мөлшерлеме 2024 жылы ұлттық валютада 1000 дана үшін 35 евроға баламалы мөлшерде белгіленген», - деп хабарлады Мәжіліс отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Қазір Қазақстанда темекіге акциздердің ставкасы 1000 дана үшін 1 қаңтардағы бағам бойынша 11 100 теңге немесе 21,5 еуро деңгейінде тұр.
«Үйлестіруге қол жеткізу мақсатында сигареттерге арналған акциздердің нақты мөлшерлемелері 2024 жылы индикативтік мөлшерлемеден 20 пайыздан аспайтын мөлшерде ауытқуы мүмкін. Заң жобасы темекі өнімдеріне акциз мөлшерлемесін арттыру есебінен бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді», - деп түсіндірді министр.
Акциздер мөлшерлемесі күрт көтерілмейді.
«Бүгінде Салық Кодексінде 2021-2022 жылдарға арналған акциздер мөлшерлемесі қарастырылған. 2021 жылы бұл 21,5 еуро, 2022 жылы 24 еуро болмақ. Егер 2021 жылды 2024 жылмен салыстырсақ, онда темекіге салынатын акциздік мөлшерлемелерден бюджетке түсетін кіріс 27 пайызға артады», - деді Әсет Ерғалиев.
Министрдің айтуынша, акциздер ставкалары тек темекіге қатысты көтеріледі және темекі өнімдерінің басқа түрлеріне таралмайды.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан