Қазақстанда орташа айлық жалақы қалай есептеледі?

Автор: Azattyq Rýhy

Ең жоғарғы жалақы алатын аймақтарды Атырау облысы бастап тұр

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің сайтындағы деректерде биыл тамыз айындағы орташа айлық жалақы 188 мың теңге 32 тиын деп көрсетілген. Жалпы бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеудің өз әдістемесі бар. Оны халықаралық талаптарға сай Т-1 формасы деп атайды. Орташа жалақыны шығаруда статистика мамандары халық шаруашылығындағы  кәсіпорындардың және түрлі салалар бойынша заңды тұлғалардың еңбекақы төлемдері,  қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты табысты ескереді. Біздің елде орташа жалақы қалай түзіледі деген мәселе бойынша экономист Бауыржан Ысқақов орташа айлық жалақы қалай есептеледі деген сауалға қарапайым арифметикаға сүйеніп жауап беру қиын дейді. 

Бауыржан Ысқақов, экономист:

«Бізде батыс өңірлердегі қалаларда мамандар ең жоғарғы жалақы алатыны белгілі.  Шамамен  350-400 мың теңгеден басталады. Сосын елдің ең төменгі жалақы алатын аймағындағы көрсеткіштерді алып, жалпы еңбекке қабілетті адамдарға шағады. Сонда бүгінгі елдегі 188 мың теңге түріндегі орташа айлық жалақы көлемі шығады,- дейді маман.

Сарапшы келтірген деректерге сүйенсек, халықтың басым бөлігі өндірісі дамымай жатқан аймақтарда тұрады. Негізінен ауылшаруашылықпен айналысатын өңірлердегі халықта жалақы төмен.  Ең төменгі айлық табыс  мал, егін, балық, көкөніс шаруашылығында еңбектенетін шаруаларға тиеселі. Мұндай аймақтарда халықтың 50 пайыздан астамы өмір сүреді. Олардың орташа жалақысы  118-120 мың шамасында. Ал керісінше орташа жалақының көрсеткіші химия өнеркәсібі, мұнай-газ секторында ауыр өнеркәсіппен айналысатын аймақтарға тән. Мұндай маман иелерінің орташа айлығы  290-325 мың теңге. Одан бөлек ірі мегополистердегі квазимемлекеттік сектор, банк және сақтандыру саласында істейтін мамандар жоғары айлық алады.

Ең жоғарғы жалақы алатын аймақтарды әдеттегідей Атырау облысы бастап тұр. Статитика комитетінің сайтында соңғы 8 айдағы қортынды бойынша, орташа жалақы көрсеткіштерін төмендегі «бестік» өзара бөліскен:  

Атырау облысы - 325 мың теңге

Маңғыстау облысы - 289 мың теңге

Нұр-Сұлтан - 287 мың теңге

Алматы - 227 мың теңге

БҚО - 181 мың теңге

Ал орташа айлық жалақысы төмен аймақтарға Жамбыл облысы, Түркістан облысы мен Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді. Түркістан облысындағы халықтың орташа айлық жалақысы  128 мың теңге,  Жамбыл облысы 126 мың теңгені қанағат тұтып отыр. 

Жалақыны өсіру жағдайды құтқармайды

Сарапшы елде соңғы 5-6 жылда жалақы тұрақты өскенін айтады. Бірақ шағын және орта бизнестің даму көрсеткіштері төмен. Республика бойынша жаңадан ашылып жатқан ШОБ нысандарының саны барлық 17 аймақтың 12-сінде кері көрсеткішке ие. Energyprom.kz мәліметінше, олардың саны 6,5 пайызға азайып кеткен.  

«Ішкі өндіріс өспей отыр.  Яғни тұтынатын тауар көлемі сол қалпында да,  ақша көлемі артқаны байқалады.  Мұның үлкен қатері ұлттық валютаның құнсыздануына  әкеледі. Сондықтан отандық өндірісті дамытпай, жалақыны көтергеннен пайда жоқ. Айлық жалақы артқанымен, халықтың сатып алу қабілетінде өзгеріс болмайды.  Өйткені жалақы өскен сайын  күнделікті тұтынатын шаруашылық тауарларына да баға қосыла береді. Бұл инфляцияға ұшыратады. Ендеше жыл сайын артқан жалақыдан тұрмыс түзелді деп айтуға болмайды»,- дейді экономист.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы