Комитеттің құзыретіне кіретін міндеттер анықталды
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес Ұлттық банкте ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құрылды.
Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет Мемлекет басшысының жолдаудағы тапсырмасына сәйкес құрылды. Аталмыш комитет Ұлттық банк басқармасымен және директорлар кеңесімен қоса жұмыс атқарып жүрген қызметкерлерден тұратын үшінші орган болады.
Ақша-кредит саясаты комитетінің құзыретіне базалық мөлшерлеме туралы шешімдер қабылдау, ақша-несие саясатының негізгі операциялары бойынша пайыздық мөлшерлемені белгілеу және Ұлттық банк басқармасының айрықша құзыретіне кірмейтін ақша-кредит саясатының басқа мәселелері бойынша шешім қабылдау кіреді.
«Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеттің құрылуы инфляцияға бағытталған елдердің үздік тәжірибелеріне сәйкес келеді және ақша-кредит саясаты шешімдерінің тиімділігі мен ашықтығын арттырады», - делінген Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Орта мерзімді перспективада комитет құрамына макроэкономика мен ақша-кредит саясатында мамандандырылған және мол тәжірибесі бар тәуелсіз мүшелер алынады.