Ұлттық қорда қалған ақша, Азия Даму банкі берген несие мен сыртқы қарыздар – 2020 жылғы ақша тапшылығына қорытынды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанның сыртқы қарызы 159,8 млрд долларды құрайды 

Ұлттық банктің Azattyq Rýhy тілшісіне берген ақпаратына сәйкес, Қазақстанның қазіргі сыртқы қарызы 159,8 млрд АҚШ долларын немесе елдің ЖІӨ-не шаққанда 89,6 %-ын құрады.

Оның ішінде, Қазақстан қарыз алған ТОП-5 ел мыналар:

  • Нидерланд – 44,8 млрд АҚШ доллары немесе 28%
  • Ұлыбритания – 21,8 млрд АҚШ доллары немесе 13,6%
  • АҚШ – 13,0 млрд доллар немесе 8,2%
  • Франция – 11,7 млрд АҚШ доллары немесе 7,3%
  • Халықаралық қаржы ұйымдары – 9,9 млрд доллар немесе 6,2%. 

2020 ЖЫЛЫ СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ МӨЛШЕРІ ҰЛҒАЙДЫ

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында елдің сыртқы қарызының көлемі 1,2 млрд АҚШ долларына немесе 0,8%-ға ұлғайды. Ол ұлғаю негізінен шетелдік инвесторлардың қазақстандық мұнай-газ жобаларын қаржыландыру есебінен пайда болды.

«159,8 АҚШ доллары – жалған цифр»

UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық бұл санның шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Жалпы алып қарасақ, мемлекеттік сыртқы қарыздың құрамына елге тартылған тікелей инвестиция да кіреді. Сондықтан сыртқы қарызды дұрыс түсіндірген жөн. «Жан басына шаққанда 9 мың доллардан қарызбыз, бұл деген сұмдық қой» деп айтып жататын депутаттар бар. Ол – қате пікір. 

Мәселен, өткен жылғы сыртқы қарыз 156 млрд доллар еді. Осы қарыздың 12 млрд доллардан астамы ғана Үкіметтің қарызы. Себебі, 100 миллиардқа жуық қаражат - жеке фирмалар арасындағы ақша»,- дейді экономист.

Шетелдік инвестициялар елге ағылып жатса, жаңа жұмыс орындары ашылады, елдегі инфляция деңгейі төмендейді, т.б. әлеуметтік-экономикалық өсімнің болатыны анық. Яғни, экономист мұндай фирмааралық берешектің болғаны «оң құбылыс» деп бағалайды.

СОНДА НЕДЕН ҚОРҚУ КЕРЕК?

Сыртқы қарыздың құрамында «банк секторы» категориясы бар.

«Қарыз алып, еселеп, доллармен халыққа бере беретін кездер есіңізде ме? Қазір Үкімет несиені халыққа тек теңгемен беруге рұқсат берді. Сол себепті банктер арасындағы қарыз мөлшері аз, бұрынғыдай көп емес. Үкіметтің бұл шешімі – дұрыс қадам», - дейді экономист.

Сыртқы қарыз құрамындағы «банк секторы» категориясы да қауіпті емес.

«Тағы бір категория бар. Ол – өзге де секторлардың қарызы. Енді осы жердегі қарыз мөлшері қомақты, 41 млрд доллардан асып жығылады. Осы қарыздан қауіптену қажет. Себебі, оны ешкім ашып жазып жатқан жоқ. Секторлар бөлініп жазылмаған. Осы категориядағы «квазимемлекеттік секторлардың қарызы» берешектің жартысынан көбін құрайды. Яғни, «Қазақстан Темір жолы», «Самұрық-Қазына», «Қазмұнайгаз», т.б. ұлттық компаниялардың қарызы көп.

Бір ғана «Қазмұнайгаз» компаниясының қарызы сыртқы 17 млрд долларға жеткен еді. Бұл тұтас Үкіметтің қарызынан көп болды. Соңғы мәліметтерде «Қазмұнайгаздың» қарызы 12 млрд доллар деп көрсетілді. Бұл қарызын компания өтей алмаса, Үкіметімізге салмақ түседі», - дейді Мақсат Халық.

«СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ ШАМАМЕН 53 МЛРД АҚШ ДОЛЛАРҒА ТЕҢ»

Экономистің айтуынша, Үкіметтің тікелей қарызы – 12 млрд долларға квазимемлекеттік секторлардың 41 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қарызын қосу арқылы сыртқы қарызды есептеуге болады.

«Бұл – 53 млрд доллардан асатын қаражат. 18 млн 600 мың халыққа бөлсек, шамамен әр адам 2800 доллар қарыз болып шығады. Сонда депутаттар айтып жатқандай, 9 мың доллар емесі нақты»,- дейді маман.

АЗИЯ ДАМУ БАНКІНЕН АЛЫНҒАН 1,5 МЛРД ҚАРЫЗ – ДҰРЫС ҚАДАМ

«Азия Даму банкінен алынған қарыз қауіпті емес. Себебі, пайызы төмен. 10 жылдан астам мерзімге берілді. Алғашқы 3 жылда ешнәрсе төлемейміз»,- дейді Мақсат Халық.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы күрес және Қазақстан экономикасын қалпына келтіру үшін Азия даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен қарыз алу туралы келісімді ратификациялады.

1,5 млрд еуроның 10-15%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға бағытталады. Тағы 78%-ы Бизнестің жол картасына, өңірлерді қолдауға, жеңілдікті несиелер беруге жұмсалады.

2020 жылы Ұлттық қордан пандемиямен күреске және басқа да мақсаттарға 4,7 трлн теңге бөлінді. 2021 жылы 3 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан