Шығыс Қазақстандағы Айдарлы кен орнында 4,3 млрд тонна руда қоры бар – Ғалым Нұржанов
Өңірде 17-20 жылға ғана жететін пайдалы қазба қоры қалды
«Kazakhmys Barlau» ЖШС Шығыс Қазақстан облысы аумағында геологиялық барлау бойынша келешегі зор 3 жоба дайындап жатыр. Бұл туралы Өскемендегі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Даниал Ахметов қатысқан жиналыста компанияның Бас директоры Ғалым Нұржанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Айдарлы кен орнын игеру жұмыстары басталған. Онда шамамен 15 млн тоннадай мыс бар екен.
«Үлкен жобаның бірі – бұрын төмен құрамды кен орнына жатқызылған «Айдарлы» жобасы. Бұл – қазба жұмыстары жүргізілмей жатқан әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Алайда, бүгінде металл бағасының өзгеруіне байланысты аталған нысанның тартымдылығы артты. Сондықтан биыл толықмасштабта бұрғылау жұмысы басталды. Оған 1 млрд теңге бөлінді. Алдын ала болжам бойынша, «Айдарлыда» 4,3 млрд тонна руда қоры немесе 15 млн тонна мыс бар. Оның 6 млн тоннасы – баланстық», - деді Ғ. Нұржанов.
Сонымен қатар, қазір Солтүстік-Шығыс Балқаш маңында мыс-порфир кен орындарын анықтау үшін болжау-ревизиялық жұмыстар жүріп жатыр.
«Барлық жұмыс SRK халықаралық консалтингтік компаниясын тарту арқылы KazRC халықаралық стандартымен жүреді. Геологиялық барлауда ең жаңа құралдар мен технологияларды қолданамыз. Шығыс Қазақстандағы кеңсе-вагондарында елдімекендерден алшақ аумақта интернетпен қамтитын спутниктік жүйе орнатылған. Геологтардың жүрген жері GPS-навигатормен бақыланады. Бұлар геологиялық ақпараттың жедел жетуі мен өндірістік процесті онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Төтенше жағдай мен карантиннің енгізілуіне қарамастан, Шығыс Қазақстан облысында жоспарланған барлық жұмыс карантин шараларын сақтай отырып, толық көлемде орындалуда», - деп атап өтті кәсіпорын басшысы.
«Қазақмыс барлау» мамандарының 35%-ы – Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжінің түлектері. Жыл сайын түлектер кәсіпорынның геологиялық нысандарында практика мен айлық төленетін өндірістік тәжірибеден өтіп, жұмысқа қабылданады.
Айта кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарында өңірдің геология саласындағы потенциалы талқыланған.
«Өңірден барлық минералдық шикізат түрі анықталған десек болады. Алтын, күміс, мыс, цинк, қорғасын, титан, барит және жерасты суларының үлкен қоры Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Өңірде 17-20 жылға ғана жететін пайдалы қазба қоры қалды. Сондықтан геологиялық барлау жұмысы көлемін ұлғайтуымыз қажет», - деген министр.
Жиын қорытындысында облыстық әкімдікпен барлауды күшейту, қосымша қаржы тарту мәселесі бойынша Жұмыс тобын құру келісілді. Оның құрамына саладағы ғалымдар, компаниялар мен мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері кіреді.