«Ішкі өндіріске тәуелді Қазақстан үшін мұнай бағасының 5-10 долларға қымбаттағанынан келіп-кетер пайда да, зиян да жоқ» дейді белгілі экономист Меруерт Махмұтова
«Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдың Қазақстандағы мұнай нарығына кері әсері болмайды. Мұнай бағасы шарықтап кетеді деп айтуға негіз жоқ. Мұндай құбылыс шамамен 2 аптаға созылуы мүмкін. Ал Brent маркалы мұнайдың баррелі шамамен 75 АҚШ долларына дейін көтеріледі деген болжам бар», - дейді белгілі экономист Меруерт Махмұтова.
Сарапшының айтуынша, жалпы әлемде, соның ішінде Қазақстандық мұнай компаниялары келісім- шарттарды ұзақ мерзімге бекітеді. Сондықтан, Сауд Арабиясында қалыптасқан жағдайға бола, ірі өндірушілер келісімдерді қайта қарауы мүмкін деп айтуға болмайды. Ішкі өндіріске тәуелді Қазақстан үшін мұнай бағасының 5-10 долларға қымбаттағанынан келіп-кетер пайда да, зиян да жоқ. Бюджетті де қайта қарастыру мәселесі күн тәртібіне шыға қоюы екіталай.
Елімізде өндірілетін мұнай көлемінің 26%-на (2018 жылы 23,6 млн.тонна) «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы иелік етеді. Қалғаны халықаралық немесе трансұлттық мұнай компанияларының еншісінде.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео «саудиялық мұнай зауыттарына жасалған дрондар шабуылына Иран кінәлі» деп мәлімдеді.
Оқиға 14 қыркүйекте таңға жуық болған. Шабуылға қатысты жауапкершілікті Йемен содырлары өз мойындарына алғанымен, АҚШ тарапы оған сенімсіздік танытып отыр.
Елдің Энергетика министрлігі бір тәулікте мұнай өндіру көлемі 5 млн. 700 мың тоннаға кемігенін мәлімдеді. Бұл екі есеге төмен. Осы уақытта әлемдік экономика сарапшылары мұнай бағасының шарықтайтынын болжап үлгерді.
Кеше Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясының «Абкайк» пен «Хурайс» мұнай кен орындарындағы зауыттарды дрондармен шабуылдап, аталған нысандар өртке оранды деген ақпарат тарады. Сауд Арабиясында «Абкайк» зауыты қара алтынды өңдейтін әлемдегі ең ірі өнеркәсіптердің бірі саналады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы