$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.11.2020, 11:55
Экономика

Пандемия қолма-қол ақша пайдалану үрдісін жоя ала ма?

Ұлттық банк электрондық валюта әзірлеу туралы жоспарын айтты

Пандемия қолма-қол ақша пайдалану үрдісін жоя ала ма?
Фото: Батыржан Беспаев

Пандемия басталғалы әлемде қағаз ақшаға қатысты «коронавирус инфекциясын тасымалдаушы» деген көзқарас пайда болды. Осы ретте қолма-қол ақша пайдалану көлемі едәуір азаюы мүмкін бе деген заңды сұрақ туындайды.  

Бүгінде тұрғындар арасында цифрлы банкингті пайдалану қатары артқан. Алайда, бұл айналымдағы банкноттар саны азайды деген сөз емес. Вloomberg жариялаған зерттеуге сәйкес, пандемия электронды коммерцияның немесе инфекциядан сақтану нәтижесінде қағаз ақша қолданысын азайтып жіберген жоқ. Керісінше, адамдар коронавирустың өршуі кезінде қолма-қол ақшаны жинап алған.              

Англия банкінің бұрынғы бас кеңесшісі Чарльз Гудхарт пен Джонатан Эшворт (министр) келтірген мәліметтер бойынша, АҚШ, Канада, Италия, Испания, Германия, Франция, Аустралия, Бразилия және Ресей елдеріндегі айналыстағы банкноттар саны айтарлықтай өскен. Олар зерттеу мақаласында қазіргі интернет-сауданы пайдалану дәстүрлі қолма-қол ақшаны айырбастау құралы ретінде азайтқанымен, банкноттардың көптеп жиналуы түбі оның өтемі болатынын айтады.

АҚШ президенті Дональд Трамптың экономикалық кеңесшісі Гари Кон коронавирус қолма-қол ақшаның жойылуын тездетеді деп есептейді.

HSBC Holdings Plc банкінің сәуір айындағы зерттеу есебінде қолма-қол ақшаны пайдалу көрсеткішінің төмендеуі бұрыннан бар үрдіс екенін, коронавирус тек бұл жағдайды тездете түскенін айтады.

Аустралияның Орталық банк менеджерінің көмекшісі Мишель Буллок өткен айдағы мәлімдемесінде қолма-қол ақшаның маңыздылығы болғанымен, COVID-19 пандемиясы оның «түбіне жететінін» айтқан. Сәуір айында Аустралиядағы банкоматтардан қолма-қол ақша алу алдыңғы аймен салыстырғанда 30%-ға төмендеген.

Кейбір сарапшылар қолма-қол ақшадан бас тарту жаһандық экономиканың тиімді болуына көмектеседі деп мәлімдегенімен, бұл өзгеріс банк жүйесіне қол жеткізе алмайтын адамдарға айтарлықтай зиян тигізетінін айтады. Сондай-ақ сандық технологияларға көшу шығыны тым қымбатқа түседі деп санайтын шағын кәсіпорындар үшін проблема туғызады.          

ҚАЗАҚСТАН ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАҒА КӨШУГЕ ДАЙЫН БА?

Қазақстанда электрондық ұлттық валюта енгізу туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Алайда, электрондық теңге әзірлеу мәселесі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ведомство Azattyq Rýhy тілшісіне берген жауабында айтты.

«Ұлттық цифрлық валютаны құру – ақша-кредит саясатына әсерін алдын ала зерделеуді, технологияны таңдау мен тестілеуді, цифрлық валютаны кеңінен қабылдау инфрақұрылымын құруды, оны пайдалануды заңнамалық қамтамасыз етуді және т. б. талап ететін ауқымды мәселе. Мұндай жобаның құны да белгісіз. Алайда, Ұлттық банк орта мерзімді кезеңде Қазақстанда цифрлық валютаны енгізудің орындылығы мәселесін пысықтауды жоспарлап отыр. Бұл әртүрлі факторлар мен ықтимал тәуекелдерді ескере отырып пысықталуы тиіс», - деп ресми жауап берді Ұлттық банк.

Ұлттық банк басқа елдердің, соның ішінде Қытай мен Швецияның пилоттық жобасына талдау жүргізеді.

Ұлттық цифрлық валютаның нақты сипаттамалары (операциялық модель, технологиялық платформа және т.б.) оны шығару мақсаттарына және оған қойылатын талаптарға байланысты.

Ведомствода атап өткендей, цифрлық валютаның теңгеге қатысты бағамы тең бағамен болжанады (1:1). Сонымен қатар, кейбір шетелдік орталық банктер сандық валютаға пайыздарды есептеу мәселесін қосымша қарастыруда.

ҚАҒАЗ АҚША АЛДАҒЫ 15 ЖЫЛДА НЕГІЗГІ ТӨЛЕМ ТӘСІЛІ БОЛЫП ҚАЛА БЕРМЕК

IACA халықаралық валюта қауымдастығының мәліметінше, қолма-қол ақшасыз төлем үлесінің ұлғаюына қарамастан, алдағы 10-15 жыл ішінде әлемнің көп бөлігі үшін қолма-қол ақша негізгі төлем әдісі болып қала бермек.

Еуропа орталық банкінің хабарлауынша, Еуроаймақтағы тұтынушылық транзакциялардың шамамен 75%-ы қолма-қол ақша арқылы, атап айтқанда, 55 жастан асқан азаматтар арасында жүзеге асырылады. Қолма-қол ақша операцияларын жүргізу банк шоты жоқ қаржылық осал азаматтар үшін өте маңызды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары