Биыл доллар депозиттері 40,2%-ға дейін төмендеді

Автор: Azattyq Rýhy

Жалпы, жыл басынан бері депозиттер көрсеткіші артқан

Фото: ашық дереккөзден

Еліміздегі банк жүйесіндегі депозиттер көреткіші жыл басынан бері 8,7%-ға ұлғайып, осы жылғы тамыздың соңында 20,7 трлн теңгені құрады. Теңгедегі салымдар 12,4 трлн теңгеге дейін (14,2%), валюталық салымдар 8,3 трлн теңгеге дейін (1,4%) өсті. Соның нәтижесінде, депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы 8 ай ішінде 40,2%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ербоат Досаев Үкімет отырысында мәлім етті.  

Сонымен катар, Ұлттық банк төрағасы жыл басынан бері экономикаға берілетін кредиттер осы жылғы тамыздың соңында 14,2 трлн теңгеге дейін, яғни 2,4%-ға ұлғайғанын атап өтті.  Ұзақмерзімді кредиттер 3,1 пайызға өсіп, ал қысқамерзімді кредиттер 2,2 пайызға азайған.   

«Бизнестің кредиттік портфелі жыл басынан бері 7,3 трлн теңгеге дейін, яғни 1,2%-ға артты. Халықтың кредиттері жыл басынан бері 6,9 трлн теңгеге  (3,7%-ға) ұлғайды. Олардың құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,2 трлн теңгеге (0,6%-ға) төмендеді. Ал мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар 2,0 трлн теңгеге дейін (14,6%-ға) өсті» - деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жұмыстарына қатысты нақты қандай шаралардың атқарылып жатқанын айтты.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында биылғы 9 қазандағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 417 млрд теңгеге 450 өтінімді мақұлдап, 380,4 млрд теңге сомасына 661 қарыз берді. 

Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биылғы 9 қазанда кәсіпкерлер 563,9 млрд  теңге сомасына 2 275 өтінім беріп, нәтижесінде 419,5 млрд теңгеге 3 887 қарыз берілді. Оның ішінде 65,8 млрд теңге бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді.» - деді Ұлттық банк төрағасы. 

Ерболат Досаев Үкімет отырысындағы баяндамасында Ұлттық банктің қаржыландыруы есебінен тұрғын үй құрылысына көрсетіліп жатқан қолдау жұмыстарын атап өтті.

  1. «7-20-25» бағдарламасы бойынша биылғы 8 қазанда 280,5 млрд теңгеге 23 935 өтінім мақұлданды, оның ішінде 219,4 млрд теңге сомасына 18 822 қарыз берілді.
  2. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарлама бойынша биылғы 8 қазанда 373,8 млрд теңге сомаға 42 736 өтінім мақұлданды, 293,8 млрд теңге сомасына 34 437 қарыз берілген. 

Сонымен қатар 17 тамызда ҚРҰБ Басқармасының қаулысымен «Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдама» қабылданды. Ол еліміздегі қаржылық технологиялар мен инновациялар нарығын дамытуға бағытталған.