«Қорқатын ештеңе жоқ»: Досаев Қазақстанға келетін ірі шетелдік банктер туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Ұлттық банк төрағасы ЕАЭО-да ортақ нарық құрылғаннан кейін Қазақстанға ірі шетелдік банктер келетінін растады

Фото : prodengi.kz

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің 2025 жылға қарай ортақ қаржы нарығына көшуі банктердің пайыздық мөлшерлемесінің төмендеуіне әсер етеді. Бұл туралы бүгін Парламентте «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтып берді. Ұлттық банк басшысы таныстырған Заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірауыздан мақұлдады.

«Бүгін біз талқылаған Заң жобасы бір-біріміздің нарығымызға жол ашып, кедергілерді жою мәселелеріне, бәсекелестікті дамытып, банктердің қызметін жақсартуға септігін тигізеді. Яғни, нарыққа қатысушылардың көбеюі (банктердің көбеюі – авт.) болашақта тарифтерді, комиссиялар мен пайыздық мөлшерлемені төмендетеді», - деді Е.Досаев журналистерге.

Сонымен бірге Ұлттық банк төрағасы ЕАЭО-да ортақ нарық құрылғаннан кейін Қазақстанға ірі шетелдік банктер келетінін растады.

«Менен ресейлік ірі банктермен бәсеке жөнінде үнемі сұрайды. Бірақ ол банктер қазірдің өзінде бізде жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда Сбербанктің де, ВТБ-ның да, Альфаның да еншілес банктері бар. Қытайдың үлкен банктері де филиалдарын ашқан. Сондықтан қорқатын ештеңе жоқ. Егер бас қаржы институты (РФ орталық банкі – авт. ) келесі жылдың желтоқсанында бізде филиалын ашса, онда бұл Қазақстанға қазіргіден де ірі қаржы институттары келеді деген сөз», - деді.

Айта кетейік, Ерболат Досаев Заң жобасының нені көздейтінін Мәжілісте түсіндіріп өткен еді.

«Ортақ қаржы нарығын құру банк, сақтандыру секторында және бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету секторында лицензияларды өзара тануды, қаржы нарықтарына қиындықсыз кіруді қамтамасыз етуді, мемлекеттік реттеуді жетілдіруді және қаржы нарықтарында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды көздейді», - деген.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ортақ қаржы нарығына 2025 жылдан бастап көшпек.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан