Бүгін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ЕАЭО-ға мүше елдердің қаржы саласындағы заңнамаларын үйлестіру бойынша Заң жобасын депутаттарға таныстырды
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ортақ нарық құрғанмен, бірыңғай валютаға көшпейді. Бұған дейін бірнеше рет талқыланған мәселеге бүгін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осылай деп нүкте қойғандай болды.
«Келісімде анық жазылып тұр. Ортақ экономикалық одақ құру идеясы бар, ал валюталық одақ құру идеясы айтылған емес. Бұл сұрақтың түрліше талқыланып, әдейі ушықтыру мақсатында қойылып жүргенін білемін. Ұлттық банк қазір де, келешекте де қаржы нарығын бақылау агенттігімен бірге өзінің қаржы саясатын жүргізу, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету құқығын толық сақтап қалады. Сондықтан Еуразиялық одақтың барлық мүшесі өз қаржылық тәуелсіздіктерін де сақтайды деп айта аламын», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Бұдан кейінгі журналистердің «Сонда Қазақстан ортақ валюта нарығына қарсы ма?» деген қосымша сұрағына Е.Досаев:
«Мен қарсы емеспін. Мен тек келісімде бұл мәселе қарастырылмаған дедім», - деп жауабын нақтылап кетті.
Мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Құсайынов та ортақ валютаның болуы мүмкін емес деп сендірді.
«Валюта деген тәуелсіздіктің негізі. Сондықтан ондай мәселе қаралған жоқ. Бұл келісім тек қана кейбір қағидаларды ұлттық заңнамаға сәйкестендіру үшін жасалып жатыр. Негізі әр мемлекеттің өз заңы бар», - деді депутат.
Ал «ЕАЭО-ның ортақ нарық құруы елдегі тауарлар мен қызметтер бағасын қымбаттауына соқтырмай ма?» деген сұраққа ол «керісінше, арзандайды» деп жауап берді.
«Менің ойымша келісімдер керісінше, бағаны төмендетуге мүмкіндік береді. Себебі, біздегідей мұнай басқа мемлекеттерде жоқ. Қырғызстанда, Өзбекстанда, Арменияда. Сондықтан өз тауарларымызды алып-сатып, көрші елдерге жіберуге мүмкіндік болады», - деді С.Құсайынов.
Бүгін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын Парламент Мәжілісінде таныстырды. Заң жобасын депутаттар бірауыздан мақұлдады.
«Ортақ қаржы нарығын құру - банк, сақтандыру секторында және бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету секторында лицензияларды өзара тануды, қаржы нарықтарына қиындықсыз кіруді қамтамасыз етуді, мемлекеттік реттеуді жетілдіруді және қаржы нарықтарында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды көздейді», - деді Е.Досаев Заң туралы.
ЕАЭО-ға мүше елдердің қаржы нарығын сәйкестендіру үшін 7 бағытта жұмыс жүрмек:
қаржы нарығына қатысушыларға оларды құруға, қалыптастыру мен қызметіне қатысты келісім;
халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы нарығы саласындағы тәуекелдерді реттеу;
қаржы нарығының қатысушыларына қадағалауды жүзеге асыру тәртібі;
лицензияларды өзара тану талаптары;
қаржы нарығы саласындағы ақпаратты жария ету талаптары;
мүше мемлекеттер инвесторларының қаржы нарығына қатысушылардың жарғылық капиталында үлестерді (акцияларды) иеленуі;
қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі талаптар.
Мемлекеттер ортақ қаржы нарығына 2025 жылдан бастап көшпек.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан