Бюджет қаражатын игере алмағандар: Көш басында министр Мағзұм Мырзағалиев пен әкім Алтай Көлгінов

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджет қаржысын игере алмағандарды тізіп шықты

Бүгін Әлихан Смайылов 10 айдағы бюджеттің атқарылуы бойынша Үкіметте баяндама жасады.Оның айтуынша, жыл басынан бері бюджет шығыстары 9 трлн 565 млрд теңгені құрады. Жұмсалмай қалған қаржы көлемі - 79 млрд теңге. Оның 68 миллиарды әлі күнге дейін игерілмеген, үнемделгені 11 млрд теңге.

«Қомақты көлемде бюджетті игере алмаған министрліктер мыналар: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 10,1 млрд теңге; Білім және ғылым министрлігі - 9,3 млрд теңге;  Индустрия және инновациялық даму министрлігі - 7,8 млрд теңге; Мәдениет және спорт министрлігі - 6,1 млрд теңге; Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі - 5,1 млрд теңге»,- деді ол.

Ал жергілікті атқарушы органдар шығысы соңғы 10 айда 4 трлн 7 млрд теңгені құраған. Оның 75 млрд теңгесі игерілмей қалған сома.

«Бюджетті игере алмай қалған облыстардың алғашқы бестігі мына облыстар: Нұр-Сұлтан қаласы – 6,1 млрд теңге; Алматы қаласы – 4,9 млрд теңге; Түркістан облысы – 3,4 млрд теңге; Батыс Қазақстан облысы - 2,9 млрд теңге», - деді Ә.Смайылов

Сондай-ақ ол Парламент бюджеттік заңнамаға өзгерістер енгізгенін әкімдер мен министрлердің есіне сала кетті.

«Ол түзетулер бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалануға жол бергендерге жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.  Әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл ретте әкімшілік жауапкершілікке бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері ғана емес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да тартылады», - деді вице-премьер.

Айта кетейік, бұл түзетулер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енбек.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан