Елбасы елорданың экономикалық дамуы туралы айтты
1997 жылдан бастап 26 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қаланың әлеуметтік-мәдени нысандарын салу, инфрақұрылымды жаңғырту, абаттандыру және жайлы өмір сүру жағдайларын жасау саласындағы міндеттерді кезең-кезеңмен іске асыру жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Елбасының сайтына сілтеме жасай отырып.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Қазақстанның бейнесіне айналған Астананы дамыту мәселелеріне әрқашан ерекше назар аударғанын атап өтті.
«22 жыл ішінде елорда еліміздің нағыз әкімшілік, іскерлік, экономикалық, мәдени және саяси орталығына айналды. Алғашқы бас жоспарда 2030 жылға қарай халық саны 1 млн 200 мың адамға жетеді деп болжанған. Бұл көрсеткішке 10 жыл бұрын қол жеткізілді. 1997 жылмен салыстырғанда олардың саны төрт есеге артты», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев елорданың экономикалық дамуын атап өтті.
«Жалпы алғанда, 22 жыл ішінде мемлекет салған әрбір теңге үшін астана республикалық бюджетке 2,8 теңге кірісті қайтарды. Бес жыл бойы қала республикалық бюджеттің донор өңірлерінің қатарына кірді»,-деді Елбасы.
Шағын және орта бизнес, сондай-ақ құрылыс саласы елорданы дамытудың драйверлеріне айналғаны атап өтілді.
«Қала экономикасының 55 пайыздан астамы ШОБ есебінен қалыптасады. Жыл сайын 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, оның 70%-ы шағын және орта бизнесте. Елорда құрылыс саласында көшбасшы болып саналады. 1997 жылдан бастап 26 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді», - деп атап өтті Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Осы жылдар ішінде ел астанасы білім беру хабына, мәдени орталыққа және дамыған медициналық кластері бар қалаға айналды. Бұдан басқа, Қазақстанның барлық өңірлерін шұғыла қағидаты бойынша біріктіре отырып, Нұр-Сұлтан маңызды көлік және транзиттік хабқа айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев елорданы дамытудың оң тұстарымен қатар қалалықтарды толғандыратын белгілі бір проблемалар да бар екенін атап өтті. Олардың ішінде – үлестік қатысуы бар үйлердің аяқталмаған құрылысы; үш ауысымды және қайта тығыздалған мектептер; нөсер кәрізі; қоғамдық қауіпсіздік мәселелері және басқа да бірқатар мәселелер бар.
«Елорда әкімдігіне қол ұшын созып, қала тұрғындарының сауалдарына жедел ден қою керек», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сонымен қатар, Елбасы қала басшылығының алдында Үкіметпен бірлесіп, елорда тұрғындары мен қонақтарының жайлы тұруы үшін қаланың инфрақұрылымын жайластыру жөніндегі бас жоспар мен мастер-жоспарды іске асыру міндеті тұрғанын атап өтті.