«Тігіншілердің 50%-ы қысқарды». Мектеп формасын тігетін компанияларға онлайн оқудың әсері
Редакция тілшісі мектеп формасын тігетін компания өкілдерімен сұхбаттасты
Биыл Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты мектеп оқушыларының жаңа оқу жылы онлайн режимде басталады. Сәйкесінше, ата-аналардың көпшілігі балаларына мектеп формаларын сатып алуға асықпауда.
Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі мектеп формасын өндірумен айналысатын компанияларға хабарласып, карантин кезінде сауданың қалай жүріп жатқанын білді.
«Golden Nomad» ЖШС мектеп формасын тігумен айналысатын компания өкілінің айтуынша, әдетте, күзгі маусымға дайындықты желтоқсан айынан бастап кетеді. Бүгінде шеберхана жұмыскерлерінің 50%-ы қысқарған.
«Жеке тапсырыс алып жатқанымыз жоқ, карантинге дейін де арнайы тапсырыс алған емеспіз. Қазір тек медициналық халаттар тігіп жатырмыз. Карантин басталғалы қызметкерлеріміздің тең жартысын азайттық, оларға жұмыс тауып бере алмай жатырмыз. Шеберханамызда 100-ге жуық адам болған, қазір 52 адам қалды.
Алдағы уақытта тағы қысқартулар болуы мүмкін. Негізі, жылда кемі 30 мың дана мектеп формасын тігетін едік. Биылғы формаларды Жаңа жылдан кейін тіге бастадық, тамыз айына дайындалған жоқпыз. Әрбір қалада өзіміздің дистрибьюторларымыз бар. 2021 жылы өндіретін киімдерімізге қыркүйек айынан бастап тапсырыс бере бастайтын едік, биыл кіріс болмады. Ешқайда тапсырыс бере алмаймыз, негізінен, шикізаттың бәрі Түркиядан келуі керек. Қазір шеберханамыздың жұмысы тоқтап тұр», - деді ол.
Ал кейбір тігін шеберханалары карантин жағдайын ескеріп, дистрибьюторларға жеңілдек жасап жатырмыз дейді. Киім шығарумен айналысқандарына 10 жылдан асқан «Данмард» ЖШС директоры Риза Сапарбекқызы киім бағасы тігілген матаның сапасына орай қойылатынын айтты.
«Біз қазір мектеп формаларын сатып жатырмыз. Киімдеріміздің нақты санын жүргізбейміз. Шамамен, 500 шалбар, 500 пиджак, 1000-ға жуық bobber мен көйлектер бар. Олардың бағалары да сапаларына қарай әртүрлі. Оның үстіне, маталарды Түркиядан алдырар болсақ, көтерме бағасының өзі Қытаймен салыстырғанда қымбатқа келеді. Сондықтан жалпы киімге жұмсалған матаның сапасына қарай бағаны қоямыз. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда, биыл тапсырыс аз.
Бірақ біз биыл карантин болатынын білгеніміз жоқ қой. Өндірушілер киім өндіруге алдын ала дайындалады, сосын біз берілген тапсырыстан 4-5 есеге көп өндіреміз. Биылғы бағаны былтырғымен салыстыруға келмейді. Біраз айырмашылықтар бар. Дистрибьюторларға жеңілдіктер жасап жатырмыз. Мектеп формасы біз үшін маусымдық жұмыс, біздің фирмамыз әскери киімдер мен шұлық тігумен айналысады. Әзірше бұл салада сұраныс бар», - деп атап өтті Риза Сапарбекқызы.
Ал 1998 жылдан бері Қазақстан нарығында мектеп формасын өндіру жағынан танымал «GLASMAN» компаниясының өкілі сауда жылдағыдай қарқынды жүріп жатпағанын жасырмады.
«Ата-аналар жылдағыдай дүкен ішінде абыр-сабыр болып, киім өлшеп жатқан жоқ. Әлбетте, бұған дейінгі жылдармен салыстырмалы түрде айтсақ, сауда аз. Бірақ киім бағасы өзгерген жоқ. Себебі, біз мектеп формаларын бірнеше ай бұрын дайындаймыз. Биыл ер балалардың да, қыз балалардың да киіміне деген сұраныс бірдей», - деді GLASMAN компаниясының өкілі.
Айта кететіні, Қазақстанда онлайн оқу режимі бірінші тоқсан аяқталғанша жалғасады.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан