2021-2023 жылдарға арналған бюджет: Қай салаға көп қаржы бөлінді?

Автор: Azattyq Rýhy

Үшжылдық бюджет қаражатының ең көп мөлшері Еңбек және Қаржы министрліктеріне тиесілі

Фото: Батыржан Беспаев

2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, шығын көлемі 41,4 трлн теңгеге жетпек. Мемлекеттік органдардың қай саласына қанша қаржы бөлінбек? Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі Қаржы министрлігі жариялаған мәлімет бойынша республикалық бюджеттің алдағы үшжылдыққа қалай жоспарланып отырғанын ұсынады.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БЛОК

Қаржы министрлігі үш жылда 11 трлн теңге алмақ, ал Индустрия министрлігіне 1,7 трлн теңге бөлінеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің үшжылдық бюджеті 541,5 млрд теңге, Ұлттық экономика министрлігі 466,1 млрд теңге, Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі 385,7 млрд теңге жұмсамақ.

Экология министрлігінің бюджет жобасына сәйкес 249,7 млрд теңге, Энергетика министрлігінің бюджетіне 108,1 млрд теңге, Сауда және интеграция министрлігіне 73,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

ӘЛЕУМЕТТІК БЛОК

Алдағы үш жылда мемлекеттік органдардың ішінде ең көп қаржы - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 12,6 трлн теңге бөлінеді. Ал, Қорғаныс және Денсаулық министрліктерінің әрқайсына 5,1 трлн теңгеден бөлінбек.

Мәдениет пен спорт министрлігінің сұранысына қарай 333,8 млрд теңге, Ақпарат және қоғамдық даму ведомствосына 152,8 млрд теңге жұмсалмақ.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ

Құқық қорғау саласында ең көп қаржы Ішкі істер министрлігіне - 1 трлн теңге бөлінбек. Алдағы үш жыл ішінде Жоғарғы сот бюджеттен 151,9 млрд теңге, Әділет министрлігі 112,3 млрд теңге, ал Бас прокуратура 96,5 млрд теңге алмақ.

ҚАУІПСІЗДІК

Үшжылдық бюджет жобасы бойынша Қорғаныс министрлігі 880,5 млрд теңге, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 829 млрд теңге алмақ.  

ӨЗГЕ САЛАЛАР

Сыртқы істер министрлігіне – 239 млрд теңге, Президент әкімшілігіне – 25 млрд теңге, Мемлекеттік қызмет істер агенттігіне 14,3 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Премьер-министр кеңсесі – 10,9 млрд, Тұңғыш Президент – Елбасы кеңсесіне 6,1 млрд теңге бағытталмақ.