«Кедергіні жою керек!»: министрлік өкілі ЕАЭО аясындағы бөгеттер туралы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Еуразиялық экономикалық одақ бойынша өзара сауда жасауға кедергі болып отырған мәселелер Омбы қаласында өтіп жатқан Ресей мен Қазақстанның XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында көтерілді

Еуразиялық экономикалық комиссиясының есебі бойынша бүгінгі таңда 70-ке жуық бөгет бар екен. 

Елімізде Сауда және интеграция министрлігі (ары қарай СИМ – ред.) құрылған күннен бастап осы кедергілерді жою бойынша бастама көтеріп келеді. Бүгін де Омбыдағы форум аясында ҚР СИМ Ресей экономикалық даму министрлігімен бірлесіп «Шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту: Еуразиялық екпін» тақырыбында сессия өткізді. Осы сессияға СИМ Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Уасиля Байқадамова спикер ретінде қатысып, ЕАЭО мүше елдер арасында кездесетін протекционистік көңіл-күй туралы тоқталды. Ол қолдан кедергі жасамай, Қазақстан мен Ресей тауарларының арасындағы бәсекені дұрыс жолмен шешуге шақырды.

«Ресейліктердің тамақ өнімдері бұрыннан бері қазақстандық дүкендердің сөрелерінде сатылып жатыр. Қазақстандықтардың да сүт, ет, өсімдік май өнімдері Ресей нарығына енді. Бір өкініштісі, біздің өнімдеріміз ресейлік тұтынушылар үшін қолжетімсіз болып, кедергілерге жиі тап болады», - деді Байқадамова.

СИМ өкілі Еуразиялық экономикалық одақта әлі күнге дейін протекционистік көңіл-күй жоғары деп есептейді.

– Мүше елдер бір-бірінен оқшауланғысы келеді, өз өндірушілері үшін барынша қолайлы жағдай жасағысы келеді. Бірақ қазақстандық, ресейлік өндірушілер мен тұтынушылар біздің бәскелес емес, әріптестер екенімізді естен шығармауы тиіс. Өндірушілерді қорғауға жұмсайтын қуатымыз үшінші елдердің импорттаушыларына қарсы бағытталауы тиіс. Ішкі нарықты қорғау тетіктерін тиімді және бірлесіп қолдану өте маңызды», дейді СИМ өкілі.