«Үкімет пен Ұлттық Банктен нақты ұсыныстар күтемін»: Тоқаев орынсыз шығындарды азайтуды тапсырды

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы президент бүгін Жолдауында айтты

Фото: Ақорда

Бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен Ұлттық банкке орынсыз шығындарды азайтуды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Яғни, президент атап өткендей, макроэкономикалық тұрақтылықты ұзақ мерзімге қамтамасыз етудің тағы бір жолы – бюджет саясатын реттеу.

«Былтыр қабылданған Бюджет кодексі мемлекет қаражатын тиімді басқаруға және қаржылық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік берді. Дегенмен шығындардың жыл санап көбейіп бара жатқанын ескерген жөн. Сол себепті, қазына қаржысын жоспарлау және басқару сапасын одан әрі арттыру қажет. Орынсыз, тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндігін пайдаланған дұрыс», - деді Тоқаев.

Бұдан басқа президент мемлекеттік қазына жүйесін толыққанды цифрландыру жұмысын аяқтау керек деген тапсырма берді.

«Бюджет қаражатын басқарудың ортақ әдіс-тәсілдерге негізделген, автоматтандырылған жүйесін құру қажет. Үкімет пен Ұлттық Банктен нақты ұсыныстар күтемін», деп қадап айтты президент.