Тоқаев Германияда Оливер Гермеспен кездесті – неміс кәсіпкері Алатауда орталық ашпақ
Бұл туралы Ақорда хабарлады
Бүгін Германияға ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Wilo Group халықаралық технологиялық компаниялар тобының жетекшісі Оливер Гермеспен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, бұл неміс кәсіпкері сорғылар шығарады, сондай-ақ тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндіріс ғимараттарына арналған энергия үнемдеуші шешімдер ұсынады.
«Тоқаев Wilo компаниясын Қазақстанда жергілікті өндірісті дамытқан неміс бизнесінің жарқын үлгісі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Алматы облысындағы өндіріс кешеніне инвестиция салу, сондай-ақ елімізді Орталық Азия нарығына шығатын алаң ретінде пайдалану туралы шешімін жоғары бағалады», - деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысының пікірінше, ендігі қадам локализацияны тереңдету болуға тиіс. Яғни, Қазақстанда шығарылатын бөлшектер үлесін арттыруға, инженерлік және сервистік әлеуетті дамытуға, отандық жеткізушілер қатарын көбейтуге мән берген жөн.
«Бұл ретте Президент концерннің Алатау қаласында сорғы құрылғысына маманданған өңірлік сервис және инженерлік орталығын ашу жоспарын құптады», - деп жазады Ақорда.