Салықтың 16 пайызға өсу қандай салдарға әкеп соқты: 13 мыңнан аса шаруашылықтың шығыны 4,6 млрд теңгеге артқан

Автор: Асыл Арман

ҚҚС өсімі шаруаларға қалай кері әсер еткені белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ербол Данағұлов ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға арналған мемлекеттік қолдаудың тиімділігін төмендетпеу үшін салықтық өзгерістерді қайта қарау мәселесін көтерді. Осы мақсатта ол Құрылтай отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауыл шаруашылығының жағдайы – ауылдың ғана мәселесі емес. Бұл – ел экономикасының тұрақтылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және экспорттық әлеуетке тікелей әсер ететін стратегиялық сала.

«Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы жолдауында ауыл шаруашылығының әлеуеті зор болғанымен, оны толық пайдалана алмай отырғанымызды ескертті. Саладағы негізгі мәселенің бірі – машина-трактор паркінің тозуы. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозған. Сондықтан техника паркін жыл сайын 8-10 пайызға жаңартуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі заманауи техникаға тәуелді. Техниканы жаңарту – шаруаларға көрсетілетін жай ғана қаржылық қолдау емес. Бұл өнімділікті арттырудың, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етудің және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің негізгі шарты», – дейді Серік Жұманғарин.

Ойын жалғай отырып, аграрлық саланы дамыту «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағытының бірі екенін ерекше атап өтті.

«Бүгінде 6 пайыздық жеңілдетілген несие мен лизингтік бағдарламалар арқылы шаруаларға қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл саладағы техниканы жаңартуға белгілі бір мүмкіндік беріп отыр. Алайда қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне кері әсер ететін мәселе бар. Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты қосылған құн салығы 12-ден 16 пайызға өсті. Бұл өзгеріс лизингке техника алған шаруалардың шығынын арттырды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы техника алған 13 181 шаруашылық үшін салықтық жүктеме 4,6 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Негізгі қарызын белгіленген кесте бойынша уақытылы өтеп отырған шаруаларға салық айырмасы бойынша өсімпұл есептелуі олардың қаржылық жағдайына қосымша салмақ түсіреді. Бұл ретте салық реформасының мақсаты мен аграрлық секторды қолдау шаралары өзара үйлесуі қажет. Бір жағынан, мемлекет техника паркін жаңартуға жеңілдетілген қаржы ұсынып отыр. Екінші жағынан, салықтық өзгерістер сол қолдаудың тиімділігін төмендетпеуі тиіс», – дейді Құрылтай депутаты.

Осыған байланысты ол министрлікке бірқатар ұсынысын жолдады:

  • «КазАгроҚаржы» АҚ лизингтік шарттар бойынша жасалған келісім-шарттарды салық реформасының логикасына сәйкес қайта қарау;
  • Осы кезеңге қолданылатын өтпелі ережелерді қарастыру;
  • Салық реформасы жаңа кезеңіне аграрлық секторды бейімдеу үшін кешенді қадамдар жасау.