«Пилотсыз ұшу аппаратын сатып алу аз»: «Әділет» депутаты пилотсыз авиация саласындағы өзекті сұрақтарды қозғады

Айсұлу Сүлейменнің айтуынша, аппаратты сатып алып қана қоймай, оны басқаратын мамандарды оқыту керек

«Пилотсыз ұшу аппаратын сатып алу аз»: «Әділет» депутаты пилотсыз авиация саласындағы өзекті сұрақтарды қозғады
Фото: скриншот

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Әділет» фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлеймен премьер-министрдің орынбасары – Жасанды және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің атына депутаттық сауал жолдай отырып, пилотсыз авиация саласында қордаланған мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, пилотсыз авиация бүгінде ең қарқынды дамып келе жатқан технологиялық бағыттардың біріне айналып отыр. Бұл аппарат экономиканың өте көп саласына дендеп еніп, пайдасын тигізіп жатыр. Сондықтан, мемлекет бұл бағытқа ерекше назар аударады.

«2025 жылы Үкімет 2031 жылға дейінгі азаматтық пилотсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжат ғылыми базаны дамыту, кадрлар даярлау жүйесін қалыптастыру, пилотсыз авиация жүйелерін қолдану аясын кеңейту, отандық өндірушілерді қолдау және негізгі компоненттерді жергіліктендіруді көздейді», - деп мәлімет берді депутат.

Сондай-ақ, Айсұлу Сүлейменнің айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Кореяға жасаған мемлекеттік сапары кезінде де пилотсыз авиация және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін цифрлық басқаруды дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізіп келген.

«Атап айтқанда, пилотсыз авиациялық жүйелер қозғалысын басқарудың – UTM жүйесін Қазақстанда енгізуді және технологиялар трансферін көздейтін меморандумға қол қойылды. Бұл уағдаластықтар пилотсыз авиация индустриясының дамуына серпін береді», - деді «Әділет» фракциясының депутаты.

Яғни, пилотсыз авиация – күрделі технологиялық сала екенін ескерсек,  оның қарқынды дамитыны белгілі.  

«Сондықтан бір минут та жоғалтпау маңызды», - деп атап өтті Айсұлу Сүлеймен.

«Біріншіден. Егер біз дайын шешімдерді қуып жетуді емес, өзіміздің бәсекеге қабілетті орнымызды қалыптастыруды көздесек, саланың дамуы мықты ғылыми-технологиялық негізге сүйенуі қажет. Бұл үшін ғылыми зерттеулер, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, сынақтар, әзірлемелерді коммерцияландыру және жасанды интеллектіні қолдану бағыттарын дамытуымыз керек», - деді депутат.

Екіншіден, «Әділет» депутаты атап өткендей, бұл саладағы кадр мәселесі де өзекті.

«Пилотсыз ұшу аппаратын сатып алу немесе өндіру жаздық етеді. Оны бағдарламалайтын, басқаратын, техникалық қызмет көрсететін және жөндейтін мамандар қажет. Сондықтан операторлар, инженерлер, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер мен басқа да мамандарды алдын ала даярлауымыз қажет. Үшіншіден, инфрақұрылым мәселесі. Бүгінде пилотсыз аппаратпен қарапайым ұшуды жүзеге асыру үшін оператор әуе қозғалысын басқару орталығына өтінімді электрондық пошта арқылы жібереді. Кейін деректер қолмен тексеріледі, ал өтінімнің қаралу мәртебесі цифрлық түрде ашық жазылмайды», - деп хабарлады депутат.

Яғни, депутат атап өткендей,  XXI ғасырдың технологиясын өткен ғасырдың құралдарымен басқаруға тырысып отырмыз.

Осыларды ескере келе ол үкіметке бірнеше ұсынысын жария етті.

  • 2031 жылға дейінгі азаматтық пилотсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Парламентке, бизнеске, ғылыми ортаға және қоғамға тұрақты түрде ақпарат беруді қамтамасыз ету;
  • саланың бірыңғай ведомствоаралық технологиялық жол картасын қалыптастыру мәселесін қарау және жетекші ғылыми-технологиялық алаңды немесе жоғары оқу орындарын, ғылыми ұйымдарды, әзірлеушілер мен бизнесті біріктіретін консорциумды айқындау;
  • пилотсыз қозғалысты және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін құруды жеделдету. Оның құрамында өтінімдерді цифрлық түрде беру және сүйемелдеу, шектеу қойылған аймақтарды картаға түсіру, қажетті мемлекеттік және авиациялық ақпараттық жүйелерді интеграциялау, сондай-ақ болашақта ұшуларды автоматтандырылған түрде келісу мүмкіндігі қарастырылуы қажет.