Үкімет Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының болашағын талқылады

Олжас Бектенов мұнай өңдеу саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Үкімет Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының болашағын талқылады
Фото: istockphoto.com

Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай-өңдеу зауыттарының қазіргі жай-күйі мен болашағы туралы кеңес өткізді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» басқарма төрағасы Асхат Хасенов хабарлағандай, 2030 жылға қарай Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 2031 жылға қарай 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Атырау мұнай өңдеу зауытында тиімділікті арттыру жобасы орындалып жатыр. 2027 жылы аяқталуы жоспарланған жоба аясында зауыттың өндірістік қуаты 5,5 млн тоннадан 6,1 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Одан бөлек, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аясында «Кеңқияқ – Атырау» және «Кеңқияқ – Құмкөл» магистральдық мұнай құбырларының, «Текесу» стансасының өткізу қабілетін кеңейту, сондай-ақ қуаттылығы жылына 3,5 млн тоннаға дейін жететін «Шымкент – Алматы» мұнай өнімдері желісін салу қарастырылған.

Жалпы, жұмыс істеп тұрған үш МӨЗ-ді кеңейту жобаларын жүзеге асыру олардың жиынтық қуатын жылына 17,5 млн-нан 28,8 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев төртінші МӨЗ салу мәселесі пысықталып жатқаны туралы баяндады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, ұзақ мерзімді перспективада елдің мұнай өңдеу қуаттылығына деген қажеттілік жылына 40 млн тоннаға жетуі мүмкін.