Қазақстан мен Корея машина өндіру саласында ірі келісімдерге қол қойды
Енді Қазақстан елімізде жаңа көлік маркаларын барынша локализациялайды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі желісі бойынша жалпы сомасы $401,9 млн болатын 15 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Атап айтқанда, «Астана Моторс» пен Hyundai Motor Company арасында жаңа Hyundai Tucson моделін өндіру туралы құны $67 млн болатын келісімге қол қойылды. Бұл келісімге қол қою рәсіміне Қазақстан президенті де қатысқан.
Осы келісімге сай, Кореяның «Hyundai Motor Company» компаниясы Қазақстанға жаңартылған Hyundai Tucson моделін өндіру үшін жаңа технологияларды шағын торапты әдіспен береді.
Екінші келісім Қазақстанда көлік дөңгелектерінің өндірісіне қатысты.
«Еуразиялық Топ» ЖШС мен Hyundai SungWoo Casting Co. Ltd автомобиль компоненттерін локализациялау бағдарламасы аясында автомобиль дискілерін өндіру бойынша ынтымақтастық туралы құны $50 млн болатын меморандумды бекітті. Жоба арқылы ҚР автозауыттары үшін негізгі техникалық серіктесті тарту көзделген», - деп хабарлайды министрлік.
Бұдан басқа өңдеу өнеркәсібі мен зауыт жұмысына қатысты келісімдер жасалған.