«Әділет» депутаттары үкіметтен Алатау қаласының негізгі инфрақұрылымына қатысты мәселені шешуді талап етті

Бұл туралы бүгін Жанарбек Әшімжан мәлім етті

«Әділет» депутаттары үкіметтен Алатау қаласының негізгі инфрақұрылымына қатысты мәселені шешуді талап етті
Фото: t.me/aqorda_resmi

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына депутаттық сауал жолдап, жаңадан салынып жатқан Алатау қаласының инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелеріне қатысты бірнеше сұрақ көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әшімжан әсіресе қаланың инженерлік желілері мен цифрлық инфрақұрылымына ерекше мән берді.

«Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға және жасанды интеллект пен жаңа технологияны экономиканың барлық саласына енгізуге ерекше мән беруде. Бұл – технологиялық жаңғыру ғана емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.Осы тұрғыдан алғанда, Алатау қаласының құрылысы ерекше мәнге ие. Президент айқындаған жаңа экономикалық модельдің нақты көрінісі болуы тиіс бұл жоба инвестиция, өндіріс, логистика және цифрлық технологияны бір жерге шоғырландырумен ғана шектелмеуі керек», - деді депутат.

Жанарбек Әшімжан еске салып өткендей, президенттің тапсырмасымен Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енді. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды.

«Алатау – кезекті жаңа қала ғана емес, ол еліміздің технологиялық және экономикалық жаңғыруының маңызды алғышарттарының бірі. Сондықтан Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруы тиіс», - деп санайды депутат.

Жанарбек Әшімжан еск есалып өткендей, «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелерімен кездесуде қала тұрғындары өздерін алаңдатқан мәселелерді көп айтқан. Соның ішінде, күнделікті тіршілікке керек қарапайым дүниелер бар.

«Қала құрамына енген елді мекендердің халқы базалық инфрақұрылым мәселесімен әлі бетпе-бет келіп тұр. Цифрлық трансформацияның толық нәтижесі туралы айту да қиындау. Сондықтан Алатаудың дамуын жаңа технологиялық нысандармен ғана емес, халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен ұштастыру маңызды», - дейді ол.

Қазір жаңа қала – Алатауға жақын Еңбек және Жетіген елді мекенінде бірқатар мәселелер шешілген. Соның ішінде, «Келешек мектебі» салынып, заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылған, газ тартылған. Жолдар мен электр желілері жаңара бастаған.

«Алайда әлі де проблемалар бар. Кей көшелерде абаттандыру аяқталмаған. Газ желісіне қосылу құны тұрғындар үшін қымбат. Әлеуметтік нысандарға білікті мамандар тарту мәселесі де өзекті. Бұл – жеке ауылдардың ғана емес, Алатау қаласының жаңа моделінің қаншалықты әділетті әрі тиімді қалыптасып жатқанын айқындайтын көрсеткіш», - деді депутар.

Осыларды айта келе Жанарбек Әшімжан «Әділет» партиясының депутаттары шешуін талап етіп отырған бірнеше сұрақты қозғады:

  • Алатау қаласының барлық елді мекенін қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай жоспарын бекітуді;
  • Мектептер мен медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуді және цифрлық мемлекеттік қызметтерді барлық елді мекенге кезең-кезеңімен енгізуді;
  • Алатау қаласының тиімділігін инвестиция көлемімен ғана емес, тұрғындардың өмір сапасы, инфрақұрылымға қолжетімділігі және мемлекеттік қызметтердің сапасы арқылы бағалайтын нақты көрсеткіштер жүйесін енгізу.