«Биыл 260 млрд теңге бөлінген»: депутат ғылыми зерттеулер іс жүзінде қандай нәтиже беретінін сұрады

Тілектес Адамбеков бұл сұрағын Ғылым министрі Саясат Нұрбекке жолдады

«Биыл 260 млрд теңге бөлінген»: депутат ғылыми зерттеулер іс жүзінде қандай нәтиже беретінін сұрады
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында  «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Тілектес Адамбеков Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен қыруар қаржы бөлінетін ғылыми-зерттеулер мен тәжірибедегі конструкторлық жұмыстардың тиімділігін сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Адамбековтің мәліметінше, соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өскен екен. Бұл ақпаратты депутат үкіметтің ресми сайтынан алған.

«2023 жылдан бастап ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2026 жылға қарай 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге ұлғайған. Сол ақшаға 2025 жылы 241 инновациялық жобаның
іске асырылғаны, 1 200-ден астам зерттеудің аяқталғаны және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағдарламаларының кеңейтілгені хабарланған», - дейді Адамбеков.

Депутат атап өткендей, «Әділет» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында да ғылымның дамуы маңызды екенін, ол мемлекеттік саясаттағы басым бағыт екенін жазған.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында ғылым, білім және өндіріс өзара байланыссыз жұмыс істеп келген жүйеден бас тартып, экономика сұранысына тікелей қызмет ететін, әрі жаңа өндіріс салаларын қалыптастыратын біртұтас «ғылым – білім беру – өндіріс» моделіне көшу жарияланды», - деп еске салды Адамбеков.

Бірақ қыруар ақша бөлініп, мемлекет өзінің басым бағыты ретінде белгілеп отырған бұл саладағы соңғы нәтиже, яғни, дайын өнімнің экономикаға тигізген пайдасы туралы ақпарат кем де кем немесе мүлде қолжетімсіз дейді Адамбеков.

«Алайда еліміздегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың экономикалық әсері туралы ақпарат қолжетімді емес. Зерттеу жұмыстарының шамамен 80%-ы мемлекеттік  бюджет есебінен қаржыландырылады. Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау маңызды», - деді ол.

Осыған байланысты Тілектес Адамбеков ғылым министрі Саясат Нұрбектен нақты үш сұрақтың жауабын сұрады:

  • Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бағытталған әрбір теңге бюджет қаражаты қандай көлемде экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелді?
  • Нәтижелері өндіріске енгізілген, коммерциаландырылған немесе жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген ғылыми жобалар үлесі қандай?
  • Ғылым мен технологиялардың жекелеген бағыттарының тиімділігіне салыстырмалы талдау жүргізіле ме? Қандай салалар ең жоғары экономикалық қайтарым көрсетеді, ал қай бағыттар практикалық нәтижелердің жоқтығымен сипатталады? Егер мұндай бағыттар анықталса, олардың төмен нәтижелілігінің негізгі себептері қандай?