Қазақстан және ОПЕК+ құрамындағы тағы алты ел қазан айына мұнай өндіру деңгейін өзгертпеді

Автор: Алмас Ерсін

Жеті ел қазанда мұнай өндіру көлемін қыркүйектегі деңгейде сақтайды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ОПЕК+ құрамындағы жеті ел 6 қыркүйекте өткен онлайн кездесуде 2026 жылғы қыркүйекке белгіленген мұнай өндіру деңгейін қазан айында да сақтап қалу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ұйымның сайтына сілтеме жасап.

Кездесуге Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман қатысты. Бұл елдер бұған дейін 2023 жылдың сәуірі мен қарашасында мұнай өндіру көлемін қосымша ерікті түрде түзететінін мәлімдеген.

Кездесуге қатысушылар Ынтымақтастық туралы декларация талаптарын толық орындауға ортақ міндеттемелерін де растады.

Елдер әлемдік мұнай нарығындағы жағдай мен оның келешегін ай сайын талқылауды жалғастырады. Келесі кездесу 2026 жылғы 4 қазанда өтеді.

Бұған дейін тамыз айының басында ОПЕК+ құрамындағы жеті ел қыркүйектен бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге арттыратыны айтылған.