Қазақстан экономикасы жарты жылда 4,1 пайызға өсті: өсімге қай салалар серпін берген
Экономикалық өсімге әсіресе құрылыс саласы серпін берген
Қазақстан экономикасы 2026 жылдың жартыжылдығында 4,1 пайызға өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегіне сүйенсек, алты айда жалпы ішкі өнім көлемі 70,9 млн теңгеге жуықтаған.
Экономикалық өсімге бірнеше негізгі сала айтарлықтай үлес қосты. Ең жоғарғы құрылыс саласында тіркеліп, 15,2 пайызды құрады. Одан кейін өңдеу өнеркәсібі – 9,8 пайыз, көлік және қоймалау – 7,1 пайыз, көтерме және бөлшек сауда , автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 5,7 пайыз, сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығы – 4,4 пайыз көрсеткішке жеткен.
ЖІӨ құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі 36,4 пайыз, ал қызметтер өндірісінің үлесі 55,4 пайыз болды. Экономиканың негізгі тіркетерінің бірі саналатын өнеркәсіптің ЖІӨ өндірісіндегі үлесі 28,6 пайызға жетті.
Жалпы экономикалық өсімге ең көп үлесті өңдеу өнеркәсібі қосты – 1,25 пайыз. Одан кейін көтерме және бөлшек сауда – 0,93 пайыз, ал құрылыс - 0,79 пайыз үлес қосты.
Осылайша, 2026 жылдың алғашқы алты айындағы өсімге ең алдымен өңдеу өнеркәсібі, сауда және құрылыс секторлары серпін берген.
Естеріңізде болса, былтыр Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырған еді. Ол кезде вице-премьер 2026 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімін 5,4 пайызға өсіру жоспарланғанын мәлімдеген еді.