KEGOC отандық өндірушілерге басымдық береді
Қазақстанда отандық өндірісті дамытуда ірі компаниялардың ішкі нарықтан тауар сатып алуы маңызды рөл атқарады. Бұл кәсіпорындарға тұрақты тапсырыс алып қана қоймай, өндіріс көлемін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және ұзақмерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді. Осы бағытта KEGOC қазақстандық тауар өндірушілермен ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп келеді.
Астанада өткен дөңгелек үстелде KEGOC басшылығы, «Самұрық-Қазына Контракт», «Атамекен» ҰКП және отандық кәсіпорындардың өкілдері қазақстандық өндірушілерді қолдау тетіктері мен олардың компания сатып алуларына қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Отандық кәсіпорындармен жасалған шарттар – 11 млрд теңге
2026 жылдың алғашқы алты айында KEGOC-тың қазақстандық тауар өндірушілермен жасасқан шарттарының жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрады. Осы кезеңдегі тауар сатып алудың басым бөлігі «Самұрық-Қазына» АҚ тауар өндірушілерінің тізіліміне енген кәсіпорындар арасында жүргізілген.
Компанияның отандық өндірушілерден сатып алу көлемі соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Мәселен, 2023 жылы мұндай шарттардың сомасы 8,94 млрд теңге болса, 2024 жылы – 21,68 млрд теңге болды. 2025 жылы көрсеткіш 15 млрд теңгені құрады.
KEGOC-тың қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры Саят Құрмановтың айтуынша, компания үшін қазақстандық кәсіпорындарды қолдау – сатып алу саясатының маңызды бағыттарының бірі.

«Соңғы жылдарда қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі тұрақты өсіп келеді. Жұмыстарды орындауға арналған шарттарда мердігерлердің холдинг тізіліміне кіретін отандық кәсіпорындардан материалдар мен жабдықтар сатып алу міндеттемесі қарастырылған. Соның нәтижесінде жұмыстар аясындағы қазақстандық тауарлардың үлесі 2023 жылы 50%, 2024 жылы 63%, ал 2025 жылы 67% болды», – деді Саят Құрманов.
Офтейк-келісімшарт өндірушіге не береді?
Отандық кәсіпорындарды қолдаудың тиімді құралдарының бірі – офтейк-келісімшарттар. Оның басты ерекшелігі – өндіруші болашақта шығаратын өніміне алдын ала кепілдендірілген сұраныс алады. Бұл кәсіпорынға өндірістік қуатын жоспарлауға, жаңа өнім шығаруға және инвестиция салуға мүмкіндік береді.
KEGOC-та мұндай келісімшарттардың саны да артып келеді. 2023 жылы 3,6 млрд теңгеге 5 келісімшарт жасалса, 2024 жылы олардың саны 9-ға жетіп, жалпы сомасы 17,4 млрд теңгені құрады. Ал 2025 жылы 20,9 млрд теңгеге 10 келісімшарт жасалды. 2026 жылдың алты айының өзінде 15,4 млрд теңгеге 6 офтейк-келісімшарт жасалған.
Бұл тетік әсіресе бұрын елде шығарылмаған немесе өндірісі жеткіліксіз электр техникалық және машина жасау өнімдерін жергілікті жерде өндіруге жол ашады.

Өндірушілер үшін сатып алуға қатысу шарттары жеңілдетілген
Отандық кәсіпорындарды қолдау тек кепілдендірілген тапсырыспен шектелмейді. Өндірушілерге айналым қаражатына түсетін жүктемені азайтатын бірқатар жеңілдік қарастырылған.
«Отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер біздің талаптарымызға, оның ішінде сапа талаптарына сәйкес келген жағдайда бірінші кезекте қарастырылады. Офтейк-келісімшарттар кепілдендірілген сұраныс қалыптастырады. Жеделдетілген төлем мен алдын ала төлем өндірушінің айналым капиталына түсетін жүктемені азайтады. Сондай-ақ тендерлік өтінімді, шарттың орындалуын және авансты қайтаруды қамтамасыз етуден босату қарастырылған», – деді Саят Құрманов.
Оның айтуынша, алдағы міндет – сатып алудағы елішілік құндылық үлесін одан әрі арттыру. Ол үшін офтейк-келісімшарттарды кеңейту, стратегиялық маңызды жабдықтар өндірісін жергіліктендіру және ірі инвестициялық жобаларға қазақстандық кәсіпорындарды белсенді тарту көзделіп отыр.
KEGOC бүгінде Asia Trafo, Өскемен конденсатор зауыты, AKP group, «ТК Метакон», «Темірбетон», «КАМАЗ-Инжиниринг» және басқа да қазақстандық кәсіпорындармен жұмыс істейді.

«Самұрық-Қазынада» 16-дан астам қолдау шарасы бар
«Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС елішілік құндылықты дамыту және жобалық басқару департаментінің директоры Қайыржан Шахмарданның айтуынша, қор жүйесінде отандық тауар өндірушілерге арналған 16-дан астам қолдау шарасы қарастырылған.
Олардың қатарында 30% көлеміндегі аванстық төлем, бес күн ішінде есеп айырысу және сатып алу кезінде қазақстандық өндірушілерге басымдық беру бар.
«Нарықта бір ғана отандық өндіруші болған жағдайда да оған міндетті түрде басымдық беріледі. Бұл қазақстандық кәсіпорындардың тек KEGOC емес, Қордың бүкіл компаниялар тобының сатып алуларына қатысуын жеңілдетеді», – деді Қайыржан Шахмардан.
Жалпы, отандық өндірушілермен ұзақмерзімді ынтымақтастық кәсіпорындарға тұрақты тапсырыс алып, өндірісін дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. KEGOC бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, қазақстандық компаниялардың ірі жобаларға қатысу аясын кеңейтуге және сатып алудағы отандық өнім үлесін одан әрі арттыруға ниетті.