2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды
Жыл басынан бері Қарағанды облысында құны 115,6 миллиард теңге тұратын өндірістік бес жоба іске қосылған. Бұл туралы lsm.kz хабарлайды.
Оның бірі – жалпы қоры шамамен, 55 тонна алтынды құрайтын Долинное кен орны. 27,7 миллиард теңгеге ашылған алтын өндіру фабрикасы 200 адамды жұмыспен қамтыды. Бұл жерде 2,5 мың тонна кен өңделеді.
Ал Теміртауда техникалық газ өндіретін зауыт іске қосылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға 28,6 миллиард теңге жұмсалды. Кәсіпорында 20 адам жұмысқа орналастырылды. Зауыттың қуаттылығы 477,5 млн текше метрді (оттегі, азот) құрап отыр.
Ағадыр ауылында 8 миллиард теңгеге күн электр станциясы іске қосылды. Жасыл нысанның құрылысына Германиядан да инвестиция тартылды. Станцияның қуаты-26 МВт. Жоба есебінен 15 жұмыс орны құрылды.
Сондай ақ өңірде 27,3 миллиард теңгеге жез зауыты ашылды. Жұмыспен 164 адам қамтылды. Бұдан басқа, 24 миллиард теңгеге көтерме-логистикалық орталық іске қосылды. Осы жобаны іске қосу есебінен 2 мың жұмыс орны ашылды.
Ал мамыр айында қазақстандық патрон зауытының атыс оқ-дәрілері өндірісі іске қосылды. Патрон зауытында тапанша желісі іске қосылған, ал жыл соңына дейін екінші кезекте – автоматты желі іске қосылады деп күтілуде. Ақпаратқа сәйкес, жобаның құны 28,1 миллиард теңгеге бағаланады.
Сонымен қатар, өңірде ірі габаритті техникаға қызмет көрсету орталығы 5 миллион долларға ашылды. Ақпаратқа сәйкес, сервистік орталық тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және мұнай-газ секторы кәсіпорындарына қызмет көрсетеді.