Бір апта ішінде доллар 4 теңгеге нығайды
KASE-де америкалық валютаның орташа бағамы 418 теңгені құрады
2020 жылдың 30 шілдесінде Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың орташа өлшемді бағамы 418 теңгені құрады. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі Kapital.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сауда аптасында ұлттық валюта 3,8 теңгеге арзандады. Дүйсенбі, 27 шілдеде сағат 15:30-да орташа бағам бір доллар үшін 414,20 теңге деңгейінде, бейсенбі, 30 шілдеде бір доллар үшін 418 теңге деңгейінде қалыптасты.
KASE ақпараты бойынша, сауда-саттықта ең төменгі бағам бір АҚШ доллары үшін 417 теңге деңгейінде қалыптасты, ең жоғары — 419,20 теңге, жабылу бағамы – 418,90 теңге. Америкалық валюта бойынша сауда көлемі 164 миллион 729 мың долларды құрады. Валютамен жасалатын операциялар бойынша мәмілелер саны – 856.
Kurs.kz дерегі бойынша, елорданың айырбастау пункттерінде америкалық валютаны сатудың ең жоғарғы бағамы 17:00-де 425 теңгені, Алматыда 423,5 теңгені құрады.
Ұлттық банктің 30 шілдедегі ресми бағамы 1 АҚШ доллары үшін 416,49 теңгені құрайды. 31 шілдеде ресми бағамды анықтаудың қолданыстағы тәртібіне сүйене отырып, ол 1 доллар үшін 418 теңгені құрайтыны анықталды.