2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда қолма-қол ақшасыз операциялар 2,5 есеге ұлғайып, шамамен 7,5 трлн теңгені құрады
COVID-19 пандемиясы Қазақстанда онлайн сауданың айтарлықтай өсуіне алып келді және B2C арналары бойынша сатуды арттырды. Карантин кезіндегі электронды дүкендер жұмысының күрт артуы туралы Үкімет отырысында Сауда министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
«Интернет арқылы бөлшек сауда белсенділігінің артуы аурушаңдық пен карантин өршу кезеңінде орын алды. B2C арналары бойынша сатудың артуы әсіресе дәрі-дәрмекті, тұрмыстық заттарды және азық-түлік өнімдерін онлайн сатуда байқалады»,- деді Сұлтанов.
Министрлік мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Алайда, салық жеңілдіктерін алу үшін табыс салығын төлеуден босатылған 601 интернет-дүкен тіркелген.
«Қазпочта» АҚ мәліметіне сәйкес, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта электрондық сауда нарығының көлемі 435 млрд теңгені құрады. Бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4%-ын құрайды. Осы жылдың соңына дейін 900 млрд теңгеге өсім болады деп болжануда. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын құрай отырып, 1,9 трлн теңгеге жетеді. Карантин кезінде онлайн сауда мен төлем операцияларын жүргізудің ұлғаюы байқалды. Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі 2,5 есеге ұлғайып, шамамен 7,5 трлн теңгені құрады»,- деді министр.
Бұрын 2025 жылға қарай жалпы бөлшек саудадағы электрондық сауданың үлесін 10%-ға дейін жеткізу мақсат болса, карантин биылдың өзінде Қазақстанды 2025 жылдың мақсатты көрсеткішіне жақындатқан.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан