Сауда және интеграция министрі электронды сауданы жүзеге асырудан түскен кірістер жылдық жиынтық табыстың кемінде 40%-ын құраған жағдайда жеңілдік беру керегін айтады
Қазақстанда электронды саудадан түскен табысқа салықтық жеңілдіктер беру мәселесі қарастырылып жатыр. Сауда министрі Премьер-министрге осыған қатысты ұсыныстар айтты.
«Электрондық сауданы одан ары дамыту мақсатынд, электрондық сауданы жүзеге асырудан түскен кірістер жылдық жиынтық табыстың кемінде 40%-ын құраған жағдайда, Салық кодексіндегі жеке кәсіпкерлер үшін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын төлеуден босату нормасы жөніндегі өзгерістерді қолдауды сұраймыз. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді пайдалануды ынталандыру үшін Ұлттық банкпен бірлесіп банкаралық аударымдар комиссиясын төмендету, эквайринг мәселелерін пысықтау, сондай-ақ жаңа банктік емес төлем жүйелерін дамыту талап етіледі»,. - деп айтты бүгін Үкімет отырысындағы баяндамасында ол.
Оның сөзінше, электрондық сауда үлесінің өсуіне қарамастан, елде әлі күнге дейін онлайн-желіге толық көшу үшін кедергілер бар.
«Көлеңкелі экономиканың жоғары үлесі, банкаралық төлемдер, эквайринг бойынша жоғары комиссия, шағын орта кәсіпорындардың дайын еместігі және тауарларды уақтылы жеткізе алмау сияқты проблемаларбар. Электрондық сауданың өсу қарқынын қолдау үшін нормативтік және техникалық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру қажет», - деді Б. Сұлтанов.
Министрлік электрондық сауданы дамыту қарқынын сақтау жөніндегі жұмысты жалғастырады.
«Осылайша, біз Сауданы дамытудың 2021-25 мемлекеттік бағдарламасында көрсетілетін 2025 жылға қарай электрондық сауда үлесінің нысаналы көрсеткішін 15%-ға дейін қайта қарауды бастадық»,- деп қосты министр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан