Бозымбаев Гонконгта Alatau City Roadshow инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Автор: Бақыт Шынар

Қазақстанның ресми делегациясы қазір Қытайда жүр 

Фото: үкімет

ҚХР-дың Гонконг Арнайы әкімшілік ауданына жұмыс сапары аясында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ қаржы, технология және инновация салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, сапардың іскерлік бағдарламасының жалғасы ретінде Қанат Бозымбаев пен Джон Ли Гонконгтың ірі инвестициялық қорларының, қаржы институттарының, технологиялық компаниялары мен іскерлік қауымдастықтарының өкілдерін біріктірген Alatau City Roadshow инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты.

Қанат Бозымбаев Қазақстанның Гонконгты Азиядағы жетекші халықаралық қаржы орталықтарының бірі және инвестициялар, технологиялар мен құзыреттерді тарту үшін маңызды алаң ретінде қарастыратынын атап өтті. Гонконг компаниялары мен қаржы институттарының Алатау қаласындағы жобаларды жүзеге асыруға қатысу перспективаларына ерекше назар аударылды.

«Гонконг әлемдік қаржы жүйесінде ерекше орын алады және халықаралық инвестициялар, капиталды басқару және трансшекаралық жобаларды жүзеге асыру үшін негізгі алаңдардың бірі болып қала береді. Дәл сондықтан біз үшін Алатау жобасын Гонконгтың инвестициялық және іскерлік қоғамдастығына таныстыру маңызды. Қазақстан тарихында алғаш рет түсінікті қағидаларға, инвесторлардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ реттеудің үздік халықаралық стандарттарына басымдық бере отырып, Гонконгта қолданылатын тәсілдермен көп жағдайда үндес келетін арнайы құқықтық режимі бар қала құрылуда», - деді Қанат Бозымбаев.

Өз кезегінде Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли серіктестікті кеңейтуге мүдделілігін атап өтіп, екі тараптың бизнес-қоғамдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға қолдау білдірді.