Бектенов бірқатар нысандарды аралап, Астананың дамуымен танысқан
Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов Астанадағы логистикалық орталық, медициналық бұйымдар өндіретін зауыт, нан-тоқаш, сүт және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар аралап көрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Бектеновке есеп бере отырып, қала экономикалық дамудың жоғары қарқынын сақтап, еліміздің жетекші іскерлік орталықтарының бірі ретіндегі рөлін нығайтып отырғанын айтқан.
«Былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 18,9 трлн теңгеге жетті. Елорда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы төрт айда 587 млрд теңге инвестиция тартылды, оның шамамен 80%-ын жеке инвестициялар құрады. Қазіргі таңда Астанада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда шамамен 560 мың адам жұмыспен қамтылған», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Яғни, әкімнің айтуынша, қаладағы шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі рекорд орнатып, 66 пайызға жеткен. Биыл әкімдік 26 ірі өндірісті іске қоспақ. Жыл басынан бері оның сегізі жұмысын бастап, 500 жұмыс орны құрылған. Жыл соңына 18 өндіріс ашылады деген жоспар бар.