Қазақстанда коммуналдық тарифтер 2028 жылға дейін қалай өзгереді?
Ұлттық банк басшысының айтуынша, коммуналдық тарифтердің өсуі кезең-кезеңімен шектеледі
Тимур Сүлейменов алдағы кезеңде инфляциялық ахуалдың біршама тұрақтанатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, жаз және күз мезгілдерінде азық-түлік бағасы маусымдық түрде төмендейтіндіктен, бұл инфляцияның баяулауына ықпал етуі мүмкін.
Азық-түлік инфляцияның негізгі құрамдас бөліктерінің бірі саналады. Сондықтан азық-түлік бағасы арзандаса, жалпы инфляция деңгейі де төмендейді.
Ұлттық банк басшысы мораторий аяқталғаннан кейін коммуналдық тарифтердің көтерілуі инфляцияға қалай әсер ететініне де тоқталды.
«Тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтері – өте қызық санат. Оның тікелей әсері бар, себебі олар тұтыну бағалары индексінде тікелей есепке алынады. Сонымен қатар жанама әсері де бар. Өйткені жылу, электр энергиясы, су және басқа да коммуналдық қызметтерді пайдаланатын бизнес олардың құнын өз өнімдерінің өзіндік құнына қосады. Кейін бұл шығындар тауар бағасы арқылы тұтынушыларға беріледі. Бұл – жанама әсер. Сондай-ақ бұл қызметтер белгілі бір көрсеткіш ретінде де маңызды. Өйткені коммуналдық төлем түбіртектеріндегі өзгерістерді ай сайын оңай байқаймыз», – деді Ұлттық банк төрағасы брифингте.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтері халықтың инфляциялық күтулеріне айтарлықтай әсер етеді. Коммуналдық төлемдер қымбаттаған сайын адамдар инфляцияның жоғары екенін байқап, оның одан әрі өсетінін күте бастайды.
Алайда Ұлттық банк басшысының сөзінше, Үкіметпен коммуналдық тарифтердің өсуіне қатысты арнайы формула келісілген. Соған сәйкес тарифтер жалпы инфляция деңгейінен 5 пайыздық тармақтан артық өспеуі тиіс. Ал 2027 жылы тарифтердің өсуі инфляция деңгейінен 3 пайыздық тармақпен шектеледі. 2028 жылы коммуналдық тарифтердің өсімі инфляция деңгейімен теңесуі керек.
«Яғни осындай болжамдылық, менің ойымша, инфляциялық күтулерді едәуір төмендетіп, реттелетін тарифтердің жалпы инфляцияға әсерін азайтуы тиіс. Сондықтан біз өз баяндамамызда бұл жоспарлардың нақты орындалуы өте маңызды екенін ерекше атап өттік», – деп мәлімдеді Сүлейменов.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені соңғы екі жылда алғаш рет азайтқан болатын.