Құны 47 млрд теңге: Ақмола облысында инкубациялық жұмыртқа өндіретін ірі репродуктор салынады
Ол Орталық Азиядағы ең ірі асыл тұқымды құс өсіру орталықтарының біріне айналуы мүмкін
Қазақстандағы құс шаруашылығының негізгі өндірістік орталықтарының бірі - Ақмола облысы. Өңір соңғы жылдары бұл бағытта ірі агроөнеркәсіптік жобаларды іске асырып, елдегі құс еті өндірісінің маңызды бөлігін қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Макинск қаласында орналасқан құс фабрикасы бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі өндірістік кешендердің біріне айналған. Үшінші кезең іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 90 мың тонна құс етіне дейін жеткен. Қазіргі уақытта мұнда 2,1 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл кәсіпорын тек өндірістік нысан ғана емес, өңір экономикасына серпін беріп отырған ірі жұмыс берушілердің бірі саналады.
Кешеннің құрамына инкубатор, ондаған құс өсіру алаңдары, құс өңдеу зауыты, жем өндіру цехы және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу нысандары кіреді. Барлық өндіріс алаңының көлемі 300 мың шаршы метрден асады. Кәсіпорында энергия үнемдейтін және биологиялық қауіпсіздік талаптарына сай жоғары технологиялық жабдықтар қолданылады. Негізгі өнім - салқындатылған бройлер еті.
Ақмола облысында құс шаруашылығын одан әрі дамыту бағытындағы жаңа инвестициялық жобалар да қолға алынуда. Соның бірі - инкубациялық жұмыртқа өндіретін ірі репродуктор салу жобасы. Құны 47 млрд теңге болатын бұл жоба іске қосылған жағдайда, Орталық Азиядағы ең ірі құс асыл тұқымды репродукторлардың біріне айналуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, мұндай өндірістер импорттық тәуелділікті азайтып, отандық асыл тұқымды құс шаруашылығының дамуына жол ашады.
Өңірде өндіріс көлемімен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға да назар аударылып отыр. Соңғы жылдары Макинск қаласы мен Бұланды ауданында білім беру, экология және әлеуметтік бағыттағы жобалар жүзеге асырылған. Сонымен қатар ауданның ұзақмерзімді даму стратегиясы қабылданып, 2030 жылға дейін экономика, әлеуметтік сала және экология бағытында 100-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Жалпы, құс шаруашылығының дамуы тек азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ғана емес, өңірлік экономика үшін де маңызды. Бұл сала жем-шөп өндірісі, логистика, қайта өңдеу өнеркәсібі секілді бірқатар бағыттың қатар дамуына ықпал етеді. Сонымен бірге ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, соңғы жылдары елдегі құс саны тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2024 жылдың қорытындысында Қазақстанда 360 мың тонна құс еті өндірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Ал жұмыртқа өндірісі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ету деңгейіне жеткен.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның қолданыстағы өндірістік әлеуеті ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сала мамандары қазіргі қарқын сақталса, Қазақстан алдағы жылдары құс еті бойынша сыртқы нарыққа тәуелділікті едәуір қысқартып, ішкі сұранысты толықтай отандық өнім есебінен қамтамасыз етуге жақындай түседі деп есептейді.