Қазақстанда экономикалық қызмет саласындағы құқықбұзушылық бірден екі есеге өсті
Ең көп құқықбұзушылық Алматыдағы Қаржы орталығында тіркелген
Осы жылдың алғашқы алты айында елдегі экономикалық қызмет саласында 814 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, шамамен екі есе көп. Бұл туралы ranking.kz хабарлайды.
Ең көп құқықбұзушылық Алматыдағы Қаржы орталығында тіркелген – 178, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Өңірлер арасында екінші орын Шымкент қаласына тиесілі – 105 құқықбұзушылық, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 есе жоғары (31). Бұл көрсеткіш бойынша үшінші орынға Алматы облысы кіреді, бұл өңірде алғашқы алты айда 63 құқықбұзушылық тіркелген.
Республика бойынша 17 өңірдің тек үшеуінде ғана құқықбұзушылық көрсеткіші төмендеген: Қызылорда облысы (21 құқықбұзушылық, 2,1 есе төмен), Түркістан облысы (16 құқықбұзушылық, 20% төмен) және Нұр-Сұлтан қаласында (37 құқықбұзушылық, 2,6% аз).
Экономикалық қызмет саласында кездесетін құқықбұзушылықтардың үштен екісі төмендегі үш бап бойынша:
- «Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеліп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау»: 243 құқықбұзушылық – өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп;
- «Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу»: 177 құқықбұзушылық – өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп;
- «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру мен басқару»: 117 құқықбұзушылық – өткен жылмен салыстырғанда 10,6 есе көп.