«Тек теңге ғана нығайып жатқан жоқ»: Ұлттық банк доллар неге арзандап кеткенін түсіндірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Доллардың құбылауы бірқатар валютаны нығайта түскен

Фото: istockphoto.com

Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс кулуарында әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты тек теңге ғана нығайып жатпағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Егер байқасаңыз, тек теңге ғана емес, басқа да бірқатар валюталар, соның ішінде Ресей рублі және дамушы елдердің валюталары доллармен салыстырғанда нығайып жатыр. Бұл үрдіс негізінен мұнай мен энергетикалық ресурстар бағасының өзгеруіне байланысты. Егер есіңізде болса, бұрын біз шетел валютасында бағалы қағаздар шығарғанбыз. Олардың қызмет көрсетуі де шетел валютасында болған.  Сондықтан кірістер мен шығыстарды салыстырып, нақты есеп жүргізу қажет. Жалпы алғанда, бюджетке айтарлықтай үлкен зиян келеді деу әзірге ерте, яғни, айтарлықтай әсер болмауы мүмкін», –  деді Жамаубаев.

Оның айтуынша, ұлттық қорға доллар бағамының тікелей әсері жоқ деуге болады.

«Себебі соңғы жылдары қор көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл оның құрылымы мен басқару тәсілінің белгілі бір деңгейде тұрақты екенін көрсетеді. Сонымен қатар, Ұлттық қордың инвестициялық портфелі жеткілікті деңгейде әртараптандырылған. Онда теңгемен де, шетел валютасымен де құралдар бар. Шетел валютасындағы активтер тек бір елге немесе бір валютаға тәуелді емес,олар дамыған және дамушы елдердің әртүрлі валюталарында орналастырылған. Осындай әртараптандыру тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.  Яғни жекелеген нарықтардағы немесе белгілі бір елдердің активтеріндегі төмендеу жалпы портфельдің тұрақтылығына айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін», –  деді ол.

Жамаубаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда екі негізгі фактор қатар әсер етіп отыр. Біріншіден, мұнай бағасының өсуі бюджет кірісін арттырған. Оның айтуынша, қазіргі түсім көлемі шамамен 40–60 млрд доллар деңгейінде бағаланып отыр. Екіншіден, теңгенің нығаюы да өз ықпалын тигізуде.

Алайда ол бюджетке әсерді біржақты қарастыру дұрыс емес екенін атап өтті. Себебі бюджет тек кірістен ғана емес, шығыстан да тұрады.

«Егер халықаралық нарықта шығарылған бағалы қағаздарды алсақ, олар шетел валютасында орналастырылған. Оларға қызмет көрсету де шетел валютасында жүргізіледі. Яғни төлемдерді валютамен жасаймыз. Бұл тұрғыда доллар бағамының төмендеуі белгілі бір деңгейде тиімді болуы мүмкін. Сондықтан осы факторлардың барлығын бірге есептегенде, бюджетке айтарлықтай зиян келді деп айтуға болмайды. Нақты қорытынды жасау үшін толық есеп қажет», – деді ол.

Оның сөзінше, мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталса, теңгенің нығаюы бюджетке кері әсер етпеуі мүмкін. Керісінше, мұнайдан түсетін кіріс артуы ықтимал.

Сонымен қатар, доллардың әлсіреуі уақытша құбылыс болуы мүмкін деген пікірлер де бар. Бұл, оның айтуынша, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы геосаяси әрекеттерімен байланысты. Егер алдағы уақытта доллар қайта күшейсе, қазіргі жағдай өзгеруі мүмкін.

Осыған байланысты, Қазақстанның валюта нарығы ықтимал құбылмалыққа дайын екені айтылды.

«Бізде қажетті құралдар бар. Қазіргі таңда Ұлттық банк тарапынан интервенция жасалған жоқ, себебі бағам нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасып отыр. Егер қажеттілік туындаса, интервенция жасауға дайынбыз. Бірақ әзірге ондай қажеттілік жоқ», – деді Жамаубаев.

Ол сондай-ақ геосаяси жағдайдың тұрақтануы мұнай бағасына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Егер мұнай бағасы төмендеп, доллар қайта нығая бастаса, бюджет параметрлері бастапқы жоспарға қайта оралуы ықтимал.

Сонымен бірге, Ұлттық банк теңге бағамына қатысты нақты болжам жасамайтынын еске салды. Бағам тек есептік көрсеткіш ретінде қолданылады.

Жамаубаевтың айтуынша, қазіргі үрдістердің нақты әсері бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша емес, келесі кезеңдерде толық көрінуі мүмкін.